Абай облысындағы ауылда шетелде оқып келген мұғалім сабақ береді
Қарақол ауылында «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген мұғалім сабақ береді, деп хабарлайды 24kz.
Қуаныш Алтынжанов математика пәнінің мұғалімі. «Жас маман бұл пәнге жаңа тыныс берді», - дейді әріптестері.
Бірнеше шетелдік тағылымдамадан өткен білікті маман өзі де ауыл мектебін таңдап, жастарға заман талабына сай білім беруді мақсат тұтқан.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Қуаныш Алтынжанов Үржар ауданындағы Қарақол ауылының орта мектебінде жұмыс істейді. Өзі де осы қара шаңырақтың түлегі. Сондықтан бар білгенін ауыл баласына үйретуді жөн санаған.
Қуаныш Алтынжанов, математика пәнінің мұғалімі:
- Туған жер әрқашан да өзіңе ыстық болады ғой. Ауылдағы жастарды оқушыларды биік белестерге бағыттау керек. Өйткені дарынды балалар шынымен де бар. Енді сол ауыл жастарының білімін көтеру үшін сол салада қызмет істеп жатырмыз. Осы бағытты қолға алдық.
Математика пәнінің мұғалімі «Болашақ» бағдарламасы аясында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану тақырыбын зерттеген. Қазір осы бағытта жаңа әдіс-тәсілдерді оқу бағдарламасына енгізіп жүр.
Лаура Байтұрсын, оқушы:
- Алгебра, геометрия және физика пәндерінен бізге Қуаныш мұғалім сабақ береді. Алгебра, геометрия пәндері негізі қиын. Бірақ ол кісі бізге оны оңай жолмен түсіндіреді. Және де ашық сабақтар өте жиі болады. Әрі көп ұйымдастырады.
Маман шетел университеттерінде педагогикалық тағылымдамадан өткен. Енді балаларға математиканы ағылшын тілінде оқытуды жоспарлап отыр. Әріптестері ауыл балаларына жаңа тыныс әкелген ұстаз оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырғанын жеткізді.
Қарлығаш Арғынбекқызы, тарих пәнінің мұғалімі:
- Қазір Қуаныш мектебіміздегі үлгілі ұстаздардың бірі деп ойлаймын. Қазіргі заманда үштілділікке байланысты ағылшын тілін меңгеру де ерен еңбектің нәтижесі.
Қуаныш Алтынжанов, математика пәнінің мұғалімі:
- Бұл жерде бір ағылшын тілін жарнамалау емес. Дей тұрғанмен, осы тілді қолданып, пайдаланып математикалық есептерді шығартсақ. Сосын емтихандардан өтіп кетсе. Мақсаттары биік болса, мысалы Назарбаев университетіне түсіп жатса. Ол бар менде. Зияткерлік мектепте оқушылар дайындаған кезде оқуға түсіп, университетті бітіріп кеткен оқушылар бар.
Қуаныш Алтынжанов ауыл балаларына сапалы білім беруді өмірлік мақсатым деп біледі. Болашақта оқушыларын халықаралық деңгейдегі олимпиадаға дайындауды мақсат еткен.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов