Шымкентте «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысының қалалық кезеңі өтті
Шымкентте «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік білім сайысының қалалық іріктеуінде үздік шыққан жеңімпаздар марапатталды, деп хабарлайды 24kz.
Интелектуалдық ойында жоғары білім деңгейін көрсеткен 5 оқушы Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі» АҚ бірлесіп ұйымдастырған білім бәсекесінің республикалық кезеңіне жолдама алды.
Зияткерлік білім сайысының мектепшілік іріктеуінен жүзден жүйрік шыққан 37 оқушы қалалық кезеңде бақ сынады. Тестілеу нәтижесі бойынша жоғары ұпай жинаған 10 үміткер екінші айналымға қатысты. Оқу озаттары «Дарын» орталығында марапатталып, Білім басқармасы атынан алғыс хат алды.
Үздік шыққан 5 үміткер де республикалық кезеңнің жеңімпазы болуға ниетті. Айтуларынша, зияткерлік ойынның ұйымдастырылуы мен іріктеу сайыстары жоғары деңгейде өткен. Оқу озаты Диана Бақытбек: «Ашықтық пен академиялық адалдық қағидасы сақталса, дарынды оқушыға тұсау болмайды», - деп санайды.
Диана Бақытбек, Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған іт лицей-интернатының оқушысы:
- Жарыста академиялық адалдық та, барлығы сақталды. Негізінде сұрақтар оңай болды деп те айтсам болады. Себебі, барлық бағыттардың ең білу керек дүниелері келді. «XXI ғасыр көшбасшыларының» осыған дейінгі болған түсірілімдерін қайтадан бір қарап, еске барлығын түсіру керек деп ойлаймын. Себебі, не дегенімен, ең алдымен мектептің үміті бізде болды, енді қаланың Шымкенттің үміті бізде болғандықтан, үлкен дайындық керек.
Даяна Мырзағали мен Нұрмұхамед Жиембай да іріктеу кезеңінде жоғары ұпай жинады. Үздіктер үшін пәндік сұрақтар мен логикалық тапсырмалардың шешімі оңай болған.
Даяна Мырзағали, №2 Қыз балаларға арналған білім-инновация лицей-интернатының оқушысы:
- Пәндік олимпиадалар немесе осы сияқты зияткерлік ойындар оқушыларды дамытуға, оқушылардың көзін ашуға көмектеседі. Оқушыларға мотивация береді. Республикалық кезең болғандықтан, әлемдегі танымал жағдаяттарға байланысты сұрақтар келетін секілді. Сол себепті тек пәндік бойынша емес, барлық музыка, өнер секілді бағыттармен де дайындалатын боламын.
Нұрмұхамед Жиембай, Дарынды балаларға арналған №90 мамандандырылған мектеп гимназиясының оқушысы:
- Мектептегі мұғалімдеріміз, жетекшілеріміз дайындыққа қатты көңіл бөліп жатыр. ҰБТ мен зияткерлі ойынның қатар келуі бізге кедергі келтірмейді. Себебі, біз XXI ғасырдың көшбасшысы екенімізді дәлелдеуге келдік. Талай тартыс болайын деп тұр. Алдағы уақытқа тек дайындық.
Ал үздік бестікке іліккен Ақзере Сейдаханова мен Бақдәулет Сабыр білім деңгейін шыңдау үшін қосымша дайындыққа жазылды. Олар «Шымкент дарыны» орталығында кеңес түріндегі сабақтарға қатысып, сарапшылардан тәлім алады.
Раушан Жеренова, қалалық «Дарын» орталығының басшысы:
- «Хабар» агенттігіне үлкен алғысымызды білдіреміз. Себебі, мұндай конкурстар біздің дарынды оқушыларға өте қажет. Ол баланың ойлау қабілетін дамытады, баланы жан-жақты дамытады. Кесте жасалады. Жоспар құрылады. Ол балаларды біз дайындаймыз. Міндетті түрде психологтар балаларға тренингтер өткізеді. Яғни, балаға түсіндіру керек. Республикалық деңгейдегі конкурсқа қатысудың өзі мәртебе.
«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысы еліміздің дарынды оқушыларын қолдауға бағытталған. Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі» бірлесіп ұйымдастырған білім сайысының ақтық сыны телевизиялық нұсқада эфирге тарайды. Сондықтан білім көкжиегін кеңейтуге ұмтылған оқушылардың үлкен қызығушылығына ие болды.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов