Қазақстанда балабақшалар мен спорт мектептерін қаржыландыру жүйесі жаңарады
2025 жылдан бастап балабақшаларда төлем ережелері өзгереді. Ал елдің екі өңірінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшеді. Бұл туралы вице-премьер Тамара Дүйсенованың Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында айтылды. Премьер-министрдің орынбасары білім және спорт саласы қызметкерлерімен кеңес өткізіп, бірқатар өзекті мәселені талқылады.
Білім беру сапасын арттыруға бағытталған «Мақсатты мектептер» жобасы аясында өңірде 71 оқу ошағы қамтылады. Оның 63-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл білім ұяларына түрлі әдістемелік қолдау жасалады. Қазіргі уақытта әр мектептің даму жоспары әзірленген. Үкімет басшысының орынбасары «Тірек мектептерді дамыту» жобасының жүзеге асу барысымен де танысты. Бұл бағытта да жемісті жұмыс атқарып отырған мектептер аз емес. Соның бірі – Арал ауданындағы нөмірі 62 мектеп-лицей.
Жасұлан Айтжанов, Арал ауданы № 62 мектеп-лицейінің директоры:
- «Қазақстан халқына» қорының ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту деген жобасына қатысып, сол жоба аясында 250 миллион теңге қаржыға 30 пән кабинеттері толықтай жабдықталды. Қазіргі таңда біз тірек мектебі ретінде аудандағы 7 шағын жинақты мектептермен жұмыс жасап жатырмыз.
Бастауыш сыныптар мен балабақшалардың білім беру бағдарламалары бірізді болуы тиіс. Тамара Дүйсенова мектепке дейінгі мекемелерінің басшыларымен кездесуде осы мәселеге де тоқталды. Сонымен қатар балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру тетіктері талқыланды. Еліміздің төрт қаласында сәтті сынақтан өткен бұл жүйе 2025 жылдан бастап барлық өңірлерінде қолданысқа енеді.
Асқар Ибраимов, «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы:
- Ваучерлік қаржыландыру мемлекеттік тапсырыстың күшін жою емес. Бұл жерде бала тәрбиесі мен ата-ана мүддесіне басымдық беріледі.
Тамара Дүйсенова колледж басшыларымен де кездесті. Вице-премьер атап өткендей, бұл оқу орындары өңір үшін кадр даярлаудың негізгі базасына айналуы тиіс. Оқытудың халықаралық стандарттарын енгізу қажет. Жиын барысында «энергетика» бағыты бойынша халықаралық аккредиттеу рәсімінен өтіп жатқан Қызылорда аграрлық-техникалық колледжінің жетістігі мысал ретінде ұсынылды.
Абайбек Жүнісов, колледж директоры:
- Колледждің білім беру қызметіне, бизнес процестерге халықаралық стандарттар енгізіледі. Сонымен бірге түлектерге дипломмен қатар әлемнің 70 елінде мойындалатын арнайы сертификаттар беріледі дипломмен бірге. Сонымен қатар колледждердің білім беру қызметіне қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейтеді. Яғни, жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері ұлғаяды.
Вице-премьер Қызылордадағы жаңа үстел теннисі орталығында болып, өңірдегі спорт ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін енгізу жайы сөз болды.
Серік Жараспаев, туризм және спорт вице-министрі:
- Бір балаға 233 мың теңге қарастырылған екен. Балалар, жасөспірімдер спорт мектебіне орналасу үшін. Сондықтан оны балалар мектептерін жан басына қаржыландыру жүйесіне өткізетін болсақ, жаңағы өлшем 415 мыңға дейін көтерілу керек. Жаттықтырушылар, оқытушылардың жалақысын көтеру. Кем дегенде 30%-ке өсіру. Сол ең басты Президент тапсырмасын орындау үшін осындай жұмыстарды әрі қарай жалғастырып жатырмыз.
Премьер-министрдің орынбасары бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы құрылғанын атап өтті. «Жаңа жүйені әзірлеу барысында аймақтардан жинақталған барлық ұсыныстар ескеріледі», – дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Нұржан Музарапшин, Айтмұхамбет Байдулдаев.