«XXI ғасыр көшбасшысы»: облыстық кезең үздіктері анықталды

Жезқазғанда өткен «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезеңінде 34 оқушы білім сайысына түсті. 

Жастардың ойлау қабілетін шыңдайтын жобада ең үздік нәтиже көрсеткен 5 оқушы республикалық кезеңге жолдама жеңіп алды. Енді олар Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі ұйымдастырған байқаудың ақтық сынында өңір намысын қорғайды.

Ұлпан Мылтықбай Жезқазғандағы №8 гимназияның 11-сыныбында оқиды. Ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер. Облыстық, республикалық пән олимпиадаларында сан мәрте топ жарған. Бос уақытында кітап оқығанды ұнатады. «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық іріктеуінде жеңімпаз атанған ол: «Байқаудың республикалық кезеңіне дайындықты бастап кеттім», – дейді.

Ұлпан Мылтықбай, «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезең жеңімпазы:

- Өзім «Экономика-бизнес» мамандығын таңдап жатырмын. Сол салада жұмыс істегенді жақсы көремін. Әрине, грант алсам қуанышты болар еді. Себебі бұл әрбір оқушының арманы деп ойлаймын.

Облыстық турда үздік атанып, республикаға жолдама алған тағы бір оқушы – Меруерт Қали. Ол Сәтбаев қаласындағы Абай атындағы №4 мектеп-лицейде оқиды. Гуманитарлық салаға бейім. Сондықтан болашақта мұғалім болуды армандайды. "«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойыны мүмкіндіктер алаңы", - дейді ол. Меруерт облыстық іріктеуде ең жоғары ұпай жинады.

Меруерт Қали, «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық кезең жеңімпазы:

- Есімімді естігенде сыныптастарыма бірге келген, жетекшіме қарап айғайлап, сондай эмоция болды ғой. Шыққан кезде, сахнада тұрғанда әлі де сезіне алмадым. Жан-жағыма қарап қоям, шынымен де мен жеңімпаз болдым ба деген сияқты. Әлі де толқып тұрмын. Бұыртса енді Ұлытау облысының атағын республикалық деңгейде біздің жиналған құрамамен қорғап шығамын деген сенімдемін.

Облыстық іріктеу турын ұйымдастырушылар тест тапсырмасына мектеп бағдарламасынан тыс сұрақтарды да қосқан. Қазылар алқасы: «Бұл – оқушылардың ойлау қабілетін шыңдайды», – дейді. 

Ақансері Сүлейменов, қазылар алқасының төрағасы: 

- Біздің көзқарасымыз бойынша мектептегі бағдарламаның сұрақтарын оқушылар жақсы біледі. Білімдері ортақ болуы мүмкін бір деңгейде. Ал мектептен тыс білімдер, қаржылық сауаттылық секілді ол энциклопедиялық білім қатарына жатқандықтан солардан сүрінбей жақсы баллдар жинай алады дегендер жетістікке жетеді деген сенімде болдық.

Республикалық кезеңге Сәтбаев қаласынан 3, Жезқазғаннан бір және Жаңаарқа ауданынан да бір оқушыдан жолдама жеңіп алды. Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі ұйымдастырған «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының ақтық сынында Ұлытаудың намысын қорғайды. Ол үшін арнайы тәлімгер бекітіліп, дайындыққа кірісті.

 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов