Қызылордалық ұстаз «Әлем мұғалімі» байқауына қатысады
Ол бұл байрақты бәсекенің жолдамасын «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығы сайысында жеңіп алды. Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі екі мыңнан астам педагогтың арасынан қалай ерекшеленді? Бала оқытудағы ерекшелігі неде?
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзат Шынтасова оқушыны қызықтырудың бірнеше әдісін дайындаған. Соның ішінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесін бүгінгі білім беру бағдарламасына негіздей отырып жасады. «Қазақстан мұғалімі» байқауында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ғалымдар мен сарапшылар осы идеяға ереше назар аударды», – дейді ұстаз.
Гүлзат Шынтасова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Мұғалім ол сабақ берумен ғана емес, ол, әрине, жан-жақты болу керек, шығармашыл болу керек, ізденіс үстінде болу керек. Өйткені қазіргі бізді оқытып жатқан оқытушыларымыздың көпшілігі жан-жақты. Яғни, қазіргі заманға бейімделіп кеткен оқушылар. Сондықтан олардың ойын бір жерде шоғырландыру өте қиын. Зерттеу арқылы оқушылардың қызығушылығын арттырып отырамыз.
Ұлағатты ұстаз бұған дейін де республикалық байқауларда топ жарған. Бірнеше шәкірті ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанды.
Ербол Қайнарбаев, мектеп директорының орынбасары:
- Өзінің кәсіби шеберлігін шыңдап және әртүрлі олимпиададан, ғылыми жобадан жетістіктерге жетіп келе жатыр. Сонымен қатар Қазақстанның алғашқы ас мәзірінің қазақ тіліндегі нұсқасын жасаушылардың құрамына енді.
Жанбибі Амангелдиева, оқушы:
- Гүлзат апай сабақты әртүрлі техникалар арқылы, ойындар арқылы түсіндіреді және тақырыптар түсінікті болу үшін әртүрлі әдістер қолданады.
«Білім берудің жаңашыл моделі деп жүрген көп дүниені Ахмет Байтұрсынұлының жазып кеткен еңбектерінен табуға болатынын «Әлем мұғалімі» байқауында дәлелдегім келеді. Қазір бұл жобаны ағылшын тілінде қорғау үшін дайындалып жатырмын», – дейді ұстаз.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.