Алматыдағы университет «Келешек» жүйесіне қатысушыларға оқу ақысын төлеуде жеңілдік жасайды
Алматыдағы Сәтбаев университеті «Келешек» ерікті жинақтау жүйесіне қатысушы талапкерлерге оқу ақысын төлеуде жеңілдік жасайды.
Бүгін білім ордасы мен «Қаржы орталығы» ортақ меморандумға қол қойды. Келісімге сәйкес, жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған талапкерлерге оқу ақысының жалпы сомасының тең жартысы, көп балалы отбасынан шыққан талапкерлерге 30 процент, тұрмысы төмен отбасынан шыққан талапкерлерге 25 пайыз жеңілдік беріледі. Ал басқа санаттағы талапкерлердің барлығына оқу құнын 20 процентке арзандатуға дайын. «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі Президенттің Жолдауын іске асыру мақсатында құрылған. Сәтбаев университеті осы бастаманы қолдап отырған елдегі алғашқы университет. Бұл бағдарламаға қатысушылар үшін тек қаржылық жеңілдіктер ғана емес, сонымен қатар сапалы техникалық білім алуға зор мүмкіндік.
Раиса Өскенбаева, Satbayev University академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:
- Қазір грант қана емес, өзі қалаған мамандықты таңдау маңызды. Мұны ата-аналар да, талапкерлер де түсінді. Грант қарастырылмаған мамандықтар бар, мысалы, финтех бағыты. Сондай-ақ, сұранысы жоғары, бірақ әлі грант бөлінбеген мамандықтар да бар. Біздің жас ұрпақ, айталық, IT саласында білім алғысы келеді. «Келешек» жүйесі қалаған мамандық бойынша білім алуға мүмкіндік береді.
Асқар Ибраимов, «Қаржы орталығы» АҚ Басқарма төрағасы:
- «Келешек» қатысушылары қажетті соманы жинаған жағдайда, оларға университет аясында кепілді түрде жеңілдік беріледі. Жеңілдіктер қолма-қол ақшаға жасалмайды. Егер талапкер грантқа түскен жағдайда, жиналған қаражат баспана алуға жұмсалады.