Қызылордада қос диплом бағдарламасы енгізілді
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті қос диплом бағдарламасын енгізді.
Оны жергілікті жасанды интеллект институтының студенттері пайдалана алады. Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның бірлескен жобасы аясында, былтыр IT-технология саласына 100 білім гранты бөлінген. Биыл грант санын 140 – қа дейін арттыру жоспарланып отыр. Институт директоры Нұрлан Құлмұрзаевтың айтуынша, "Data driven" (дейта драйвн) тұжырымдамасы аясындағы жобаны жүзеге асыруға оңтүстік Кореяның жетекші ғалымдары атсалысатын болады.
Нұрлан Құлмұрзаев, жасанды интеллект институтының директоры:
- Екі жыл Қазақстан, екі жыл Корея, яғни бізге түседі балалар. Екі жылдан кейін біз ол балаларды Оңтүстік Кореяға жібереміз. Бітірген кезде, соңында екі елдің дипломын алып шығатын болады. Әр өңір өзінің тәжірибесін алмасып, Қазақстанға ең үлгілі деген білім жүйесін трансформациялауға үлгілерін біз алып қалуға тырысып жатырмыз.
Ко Кенг Тэ, Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетінің студенті:
- Мен төртінші курс студентімін. Қазақстанға академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша келдім. Қызылордалық студенттер үшін сапалы білім алуға мол мүмкіндік жасалған. Өз тәжірибеммен бөлісіп, жаңа білім аламын деп ойлаймын.