Оралда «Сырым батыр» комиксі таныстырылды
Асқан даналығымен, шешендігімен, батырлығымен із қалдырған Сырым Датұлы туралы жуырда Оралда балаларға арналған комикс жарық көрген еді.
Кеше "Білім-инновация" лицейінде осы туындының тұсаукесері өтті. Комикске Оралдан Ақтөбеге барар жолдың 89 шақырымындағы "Сырым шыққан төбе" деп аталатын жердің тарихы арқау болған. Кітап авторларының айтуынша 18 ғасырдың аяғында отаршылдардың жасағы қазақ ауылдарына жорыққа шығады. Азғантай адаммен жауға тойтарыс бере алмайтынын түсінген Сырым Датұлы айлаға басады. Ол атқа мінуге жарайтындардың барлығына жылқыны айдап осы төбені айнала шабуға бұйырады. Шалғайдан шұбалған шаңды көрген басқыншылар қалың қол кеп қалған екен деп, ат басын кері бұрады.
Жантас Сафуллин, өлкетанушы, комикс авторы:
- 21 ғасырда технология дамыған заманда балаларға кітап оқыттыру, барынша соған қызықтыру ең басты мәселенің бірі боп тұр. Сондықтан да біз комикс жанрына өттік. Ең бірінші кезекте суреттері бар, екінші кезекте мұндағы мәтін жай ғана қарасөз емес, өлеңмен құралды. Алдағы уақытта да осындай шығармалар жасаймыз. Арнайы бейненұсқасын жасадық. Кез-келген адам QR-лап алып, бейненұсқасымен танысуға болады.
Бекарыс Жомартұлы, оқушы:
- Бүгінгі комикс маған қатты ұнады. Зор әсер алдым. Бұл комикс меніңше қазіргі заман талаптарына сай. Себебі қазіргі заманда екінің бірі кітап оқып, бұл көтеріліс туралы білгісі келмейді. Балаларға комикс қарап, мультфильм арқылы жақсы-жақсы мағлұматтар жеткізген ыңғайлырақ, әрі қызықтырақ болады деп ойлаймын.