Алматыда 1 маусымға дейін жер сілкінісін ескерту жүйесі енгізіледі
Алматыда 1 маусымға дейін жер сілкінісін болжайтын Mass Alert ескерту жүйесі пилоттық режимде іске қосылады.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев Алматыдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кеңес өткізді. Ол қауіпті аймақта орналасқан құрылыс нысандарының сейсмикалық төзімділік көрсеткішін тексеру қажеттігін атап өтті. Оған қоса, зілзаланың алдын алу үшін жапондық тәжірибені қолданып көруді ұсынды. Бейінді министрліктерге еліміздегі сейсмикалық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізуді және тұрғындарға оқу-жаттығу жұмыстарын өткізуді тапсырды.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Біз халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жұмыс істеуіміз керек. Жапондық технологияны қолданып жер сілкінісінің алдын алу қажет. Өзге елдердің іс жүзінде қолданған әдістерін пайдалануға болады. Салынып жатқан құрылыс нысандардың сейсмикалық төзімділік көрсеткіші жоғары болуы шарт.