Елорда тұрғыны қыстыгүні далада суға түсуді күнделікті дағдысына айналдырған

Қыстың қақаған аязында жазғы жейде, балақсыз шалбармен жүрген Александрды Астана көшелерінен көріп қалсаңыз таң қалмаңыз.

Ол балаларын бақшаға апарса да, жұмысқа барса да, осылай жүре береді. 

Александрдің қалың киімді тастағанына 12 жыл болды. Ол қыстыгүні далада суға түсуді де күнделікті дағдысына айналдырған. Ойыққа өзі секілді 100-ге тарта адам келеді.

Александр Никитин, Астана қаласының тұрғыны:

- Алғашқыда күртемді шешпесем де, шолақ шалбармен жүре бастадым, кейін жылы желеткеге көштім, содан кейін оны да тастап, тек шолақ жең жүретін болдым. Мұндай өмір салты маған көбірек қуат сыйлайды, өзімді жеңіл сезінемін, ауру дегенді ұмыттым.

Қыстыгүні жылы киімсіз жүретін, тіпті суық суға сүңгитін әуесқойлар көп. Олар өздерін спортшымыз деп біледі. Жалпы Ресей, Қытай, Еуропа елдерінде шынығудың бұл түрі кәсіби спорт саналады. Қысқы жүзуден түрлі жарыстар да өтеді. Сондықтан елдегі қоғамдық ұйымдар осы қысқы жүзу бізде де спорттық деңгейге жеткізіп, федерация құрсақ па деген мақсат қойып отыр.

Ирина Шуленбаева, Шынықтыру және қысқы жүзу қоғамдық ұйымының құрылтайшысы:

- Бұл спортта ауа температурасы да, судың температурасы да маңызды рөл атқарады. Сондықтан климаттық жағдайлар сәйкес келуі шарт. Ал біздің ел қысқы жүзу спорты үшін керемет алаң. Сонымен қатар бізде рухы мықты, бәсекеге түскісі келетін әуесқойлар да жетерлік. Қазір біз осы бір жаңа спорт түрін дамыту туралы жоспар құрып жатырмыз.

Ойыққа әуесқойлардың алды күніге шомылады. Жұмысбастылары аптасына кемі бір рет келеді. Өздері биылдан бастап халықаралық фестивальдерге қатысып, наурызда алғашқы республикалық жарыс ұйымдастыруға ниетті.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Диас Қобланбаев, Мадияр Қындыбаев