«Кішкентай калькулятор»: 6 жасар қарағандылық бала есепке жүйрік

Қарағандылық 6 жасар Әлімхан Ермековты жақындары мен ұстаздары «Кішкентай калькулятор» дейді.

Ерекше зейінді бала есепке жүйрік. Екі жасынан бастап сандарды есінде сақтап, естігенін тез ұғып алады екен.

Руслан Нұрлангұлы, тілші:

- Әлімхан бірінші сыныпқа келген кезде-ақ қосу, алу, көбейту мен бөлу ережесін жатқа білген. Есептен жаңылыспаған баланың ерекше зердесіне ұстаздары таңқалыпты. Қазір оған күрделі тапсырмаларды берсе, қиналмастан орындайды.

Риза Әбдіғали, Абай атындағы № 104 мектеп-гимназияның ұстазы:

- Ол дайын бала болып келді. Оқи алатын, сандарды қоса алатын, тіпті көп таңбалы сандарды бір-біріне қосып, алатын бала болды. Әлімхан сен мұны қайдан білесің десем, менің Көркем деген әпкем бар, соған сабақ айтып жатқанда мен оны құлағыма құйып отырамын деді. Бұдан емнің түйген ойым, менің оқушым Мағжан Жұмабаев сияқты ағасына оқытқан білімді санасына түйіп отыр ғой.

Ата-анасы Әлімханның алғырлығын екі жасында байқапты. Ол көргені мен естігенін сол кездің өзінде есте сақтай алған. Бұл ерекшелігін аңғарған әкесі Дидар Әлімбеков ұлын одан әрі дамытуға күш салыпты.

Дидар Әлімбеков, Әлімхан Ермековтың әкесі:

- Машиналардың номерін сұрайтынбыз көбінесе. Мынау қай номер деп. Тоқтамай тез айту керек болатын. Ең бірінші үйренгені оның қосу болды. Екіге екі, төртке төрт, сегізге сегіз, солай бірдей сандарды қосып, сонымен барып үйренді.

Тұңғыш қазақ математигі, ұлт зиялысы Әлімхан Ермековтың есімін арқалаған немересінен атасы да зор үміт күтеді.

Ермек Әлімбеков, Әлімхан Ермековтың атасы:

- Негізі ол есеп жағына келгенде менің өзімнің шешем есепке жүйрік болды. Мына Әлімханнгың әкесі мектепте оқып жүргенде оған мұғалімдері апарып үлкен класстың есептерін шығартатын. Енді атының да әсері бар ма деп те ойлаймыз. Енді соған кір келтірмей, үлкен азамат болса деп ойлаймыз.

Балақай әлем елдерінің астанасын жатқа біледі. Тіпті картадан көрсете алады, туын да таниды. Жауабының дұрыс екеніне көз жеткізу үшін кейде ата-анасы интернетке жүгінеді екен.

Вундеркинд шахмат, тоғыз құмалақты да шебер ойнайды. Өзі серуендегенді ұнатады. Әлемді араласам деген үлкен арманы бар. Қазір ол шет тілдерін оқып жүр. Ата-анасы ұлының 7 тіл білген белгілі қайраткер Әлімхан Ермеков сияқты болғанын қалайды.

Авторлары: Руслан Нұрлангұлы, Сайлау Игіліков