Дәрігерлер қытайлық снектер неден жасалатынын айтты

Санитарлық дәрігерлер қытай тағамдарын зерттеу нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды 24kz.

Ақтөбе облысында оқушылардың жаппай улануына да осы қытай өнімдері себеп болған. Мамандар бұл тағамдардың құрамында адам ағзасына зиянды заттардың барын анықтады. Олар бас ауруын, жүрек айнуды, әлсіздікті тудырады. Бұл өнемдер дүкен сөрелеріне қалай түсті?

Қазақстандық жастарда жаңа тренд пайда болды. Оқушылар «латяо» деген қытайлық өнімнің дәмін көруден жарысады. Соя етінен жасалған ащы қытайлық таяқшаларды жеген видеолар желі қолданушылары арасында тарап кетті.

Блиц 1:

- Басында жегенде дәмі ұнамаған. Бірақ кейін ұнап кетті. Тәуелділік болып, бірақ қазір қойып кеттім. Бірақ жейтін нәрсе емес. Жүрек айну болады, құсқың келеді, сондай болды.

Блиц 2:

- Мұндайға қарсымын. Ондай қолдануға, жеуге қарсымын. Анда-санда болмаса, былай уақытта күнделікті пайдалануға зиян деп ойлаймын адам денсаулығына. Оның құрамын білмейміз. Құрамын білмеген тексермегеннен кейін ұсынуға кеңес бермеймін.

Блиц 3:

- Бір рет жеп көрдім. Тәтті ме, ащы ма білмеймін. Дәмі түсініксіз. Мектептің жанындағы дүкенде осындай өнімдерді көп сатылады. Оқушылар үнемі алып, жеп жүреді.

Құрамында ГМО, қорғасын, кадмий және мышьяк болмаса да, бұл снектерде бас ауруы, ісіну, жүрек айну және әлсіздік тудыруы мүмкін дәм күшейткіш зат бар. Сонымен қатар ол қан қысымын бұзып, асқазан ауруына әкелуі мүмкін. Қытайлық өнім құрамындағы тағы бір қосымша натрий инозинаты. Ол аллергия қаупін арттырады және ас қорыту жүйесіне кері әсер етеді. Сонымен қатар өнімнің қауіпсіздік талаптарына сай екендігін растайтын сәйкестік туралы декларация жоқ. Сондықтан мамандар мұндай снектерді алмауға кеңес береді. Әсіресе, балалар рационына қосудың қажеті жоқ.

Гүлнәр Жауғашева, гастроэнтеролог-дәрігер:

- Снектерде көптеген зиянды қоспалар бар. Онда консерванттар, бояғыш заттар, дәмді күшейтетін заттар бар екенін ескерсек, әрине, бұл өнімдер асқазан-ішек жолдарының шырышты қабығын тітіркендіреді. Нәтижесінде өткір гастрит болуы мүмкін, улануда мүмкін.

Қытайда мұндай снектерді ет жемейтін адамдар тұтынады. Бұл туралы Қытайдағы меншікті тілшіміздің хабарлады. Бірақ жергілікті халықтың өзі осы өнімнің балалар мен жасөспірімдерде тәуелділік тудыратынын айтады.

Әйгерім Садубаева, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы:

- Қытай тағамдары көбінесе шағын дүкендерде, сауда орындарында, мини-маркеттерде сәйкестік туралы декларациясыз сатылады. Яғни, кәсіпкер мұндай тауарды сату үшін жеткізушіден сәйкестік туралы декларацияны талап етпейді. Демек, заңнаманы бұзады және бұл өнім тұтынушыға таңбалаусыз, қажетті ақпаратсыз сатылады.

Ақтөбе облысында оқушылардың жаппай улануынан кейін санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитеті мұндай өнімдерді айналымнан алып тастауды тапсырды. Снектерді сататын дүкендер мен сауда орындары тиісті хабарламаларды алды. Қазір қытайлық өнімді елге кіргізуге және сатуға тыйым салатын санитарлық іс шаралар жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Камила Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов