Алматыда бәйшешек гүлдей бастады
Алматының ботаника бағындағы бәйшешектер гүлдей бастады, деп хабарлайды 24kz.
Әдетте қаңтардың соңы мен ақпанда бүр жаратын гүлдер биылғы қыстың қарлы әрі ұзақ болуына байланысты наурызда гүлдепті. Көктеммен таласа гүлдейтін бәйшешектер Ботаника бағының 20 шаршы метрін алып жатыр. Алатаудың бөктерінде сиреп бара жатқандықтан, Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Бақ қызметкерлері келушілерге көктем гүлінің өте нәзік екенін ескертіп, көгалмен жүрмеуді және бәйшешектерді жұлмауды сұрайды.
Ескендір Сәтеков, Ботаника бағының зертхана меңгерушісі:
- Бұл бәйшешектер біздің баққа 1960 жылдары басқа аймақтардан жеткізілген. Кейіннен гүлді өсімдіктер коллекциясы басқа орынға көшірілгенде олар осы жерде қалып, жерсініп, көбейе бастады. Өсімдіктер қар астында қыстады. Сондықтан олардың өсуі мен гүлдеуі екі аптаға, тіпті бір айға кешікті.