Қазақстанда тасымалдау саласына өзгерістер енгізілді

Қазақстанда пойыз 1 сағаттан артық кешіксе, билет бағасы толықтай қайтарылады. Тасымалдау саласындағы жаңа өзгеріс ертеңнен бастап күшіне еніп отыр. Тағы бір өзгеріс 7-15 жастағы балалар енді 50% жеңілдікпен қатынайды. Ал бала кәмелет жасына толмаса, сенімхатсыз вагонға кіргізілмейді. Жаз шықса болды, шойын жолда халық қатынауы жиілейді. Билет таппай сабылып жататындары да аз емес. Ол түйткіл қалай шешілмек?

Жаз шыға шойын жолмен сапарлайтын халықтың қарасы көбейеді. Жылына 22 млн адам теміржолда қатынайды екен. «Көрсеткіш көбеймесе, азаймайды», – деп отыр көлік министрлігіндегілер. Жауапты ведомства азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында тасымалдау қағидаларына бірқатар өзгеріс енгізіпті. Оның алқашқысы теміржол билеттері енді пойыз жөнелтілуіне 10 минут қалғанға дейін сатылады. Бұған дейін бұл талап бір тәулік болатын. Баламен жолға шығатын ата-аналарға құлаққағыс. Бұдан былай 7 жасқа дейінгі жолаушыға билет алу міндетті емес. 7-15 жастағы жеткіншекке 50% жеңілдік қарастырылған.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Пойыз бір сағаттан астам уақытқа кешігіп жатса, сол станцияда ол адам ЖД кассаға жүгіне алады немесе қандай да бір себептерге байланысты пойыз ауыстырылса, яғни тальгодан стандартқа көшті дейік. Бір жақта кешігіп жатыр, бұзылып қалды. Ондай уақытта билет құны толық беріледі. Бізде қазір ұлттық тасымалдаушы бар. ҚТЖ-ға қарасты ұлттық тасымалдаушымыз бар және де 10-нан астам жеке тасымалдаушы бар.

Енді пойыз 1 сағаттан артық кешіксе, билеттегі орын бос болмаған жағдайда жол ақысы комиссиясыз толық қайтарылады. Мүмкіндігі шектеулі жандармен бірге еріп жүретін күтушілеріне теміржол билеттері 50% жеңілдікпен сатылады. Өзгеріс I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған. Көлік министрлігі осы мақсатта биыл желіге 157 жаңа жолаушылар вагонын қосуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда отандық зауытпен келісім жасалыпты.

Мақсат Қалиақпаров, ҚР көлік вице-министрі: 

- 22 млн адам теміржолмен қатынайды. Вокзалдарды реттегеннен кейін осы сан көбейеді деп ойлап отырмыз. Жылдан-жылға жолаушылар тасымалы көбейіп жатыр. Шамамен 5%-ке өсті. Вокзалдарды жаңартудан өткізген соң тағы өседі деп отырмыз.

Тасымал саласында тағы бір жағымды жаңалық елімізде тозығы жеткен теміржол вокзалдары жаңартылады. Жыл соңына дейін республикадағы 125 шойын жол станциясы су жаңа кейіпке енбек. Астана, Алматы сынды үлкен қалалардағы бекеттермен қатар шалғай аудандарда орналасқан нысандар да жаңғыртылады. Мұнымен қоса Көлік министрлігі биыл халықтың қолайлы жүріп-тұруына арналған 226 жаңа вагонды желіге қосуды жоспарлапты.