Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі АҚШ-та заңсыз жүрген азаматтарға тағы бір ескерту жариялады
АҚШ заңсыз жүрген азаматтардың елдеріне оралуына көмектеседі.
Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі АҚШ-та заңсыз жүрген азаматтарға тағы бір ескерту жариялады. Құрама Штаттардың ішкі қауіпсіздік министрлігінің кейінгі ақпарына сәйкес, заңсыз жүргендерге өз еркімен қайтуға мүмкіндік беретін жаңа бағдарлама қабылданған. Оның аясында отанына өз еркімен оралам деушілерге, жол билеті толық төленіп, 1000 АҚШ доллары көлемінде қаржы беру қарастырылған. Ол үшін ((CBP Home)) Си би пи Хоум мобильді қосымшасы арқылы өтініш беру қажет. АҚШ билігі бұндай қадамға қаражат үнемдеу үшін барып отыр. Олардың есебі бойынша бір келімсекті тұтқындап, депортациялауға 17 мың АҚШ доллар кетеді. Сондай-ақ бағдарлама заңсыз жүрген азаматтардың АҚШ-қа қайта заңды жолмен бару мүмкіндігін сақтап қалады.
ЦИТАТА
Кристи Ноэм, АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрі
Ел аумағында заңсыз жүрген азаматтар үшін өз еркімен елден шығу – ең қауіпсіз әрі тиімді жол. Қазір министрлік шетелдіктерге Отанына қайту үшін жолақы мен бір реттік қаржылай көмек ұсынып отыр. Бұл құқық қорғау органдары үшін де, мигранттардың өздері үшін де ең қауіпсіз шешім. Бастама АҚШ салық төлеушілері үшін 70 пайыз үнем болмақ. CBP Home қосымшасын жүктеп алып, заңды жолмен еліңізге оралыңыз.