Елімізде алдағы үш күнде аптап ыстық күтіледі

Алдағы үш күнде еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстық болады, деп хабарлайды 24kz.

Синоптиктердің айтуынша, орталықта ауа температурасы 39 градусқа дейін көтерілсе, оңтүстік аймақтарда термометр бағаны 42 градусқа дейін барады. Жоғары ауа температурасының адам ағзасына кері әсері көп. Олай болса, аптап ыстықтан қалай қорғану керек? Дәрігерлер не дейді?

Ырыскүл Кеңшілік, «Қазгидромед» РМК инженер-синоптигі:

- Орталықта түнде 18-25 градустан 15-22 градусқа дейін төмендейді. 17-18 маусымда күндіз 35-39 градус қатты ыстық. Оңтүстігінде 42 градус өте қатты ыстық күтіледі. Шығыста түнде 12-23 градус жылыдан 17-25 градус жылыға дейін, күндіз 27-35 градус жылыдан 35-39 градус қатты ыстыққа дейін жоғарылайды. 19 маусымда жекелеген аудандарда 40 градус өте қатты ыстық күтіледі.

Ұқсас жағдай еліміздің оңтүстік-шығысында да тіркелмек. Мұнда температура түнде 25 градусқа дейін көтеріліп, күндіз 39, кей жерлерде 42 градусқа дейін баруы ықтимал. Оңтүстік өңірде 18-19 маусым күндері 46 градусқа дейін жоғарылайды деп күтіліп отыр.

Алина Боргекова, терапевт-дәрігер:

- Мұндай ыстық, әсіресе, қант диабеті, гипертония, семіздік және жүрек қан-тамырлары аурулары бойынша диспансерлік тіркеуде тұрған азаматтарға қатты әсер етуі мүмкін. Сондықтан оларға күндіз сағат 11-ден 4-ке дейін қатты ыстықта далаға көп шықпай, өздерімен бірге үнемі дәрілерін алып жүруге кеңес беремін. Сондай-ақ тұзды және ащы тағамдарға да әуес болмаған жөн. Өйткені бұл тағамдар тез шөлдетеді. Ал суды тым көп мөлшерде ішіп қойса да, ағзаға кері әсер етіп, дененің ісінуіне алып келуі ықтимал.

Жердің күрт қызуы өрттің өршуіне де ықпал етіп отыр. Мәселен, бүгінгі таңда елорданың өзінде 400-ден астам өрт оқиғасы тіркеліпті. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 28%-ке көп. Апаттың алдын алу үшін төтенше жағдайлар департаменті қала маңындағы құрғақ шөптер мен қамыстарды шауып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ербағлан Полатов, Астана қаласы тжд аға инженері:

- Балабақшадан бастап үлкен қария кісілерге дейін барлық тұрғындармен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Құрғақ шөптерді кейбір кісілер өртеп жатады. Демалысқа шыққан кезде көп кісілер өздерінің қоқыстарын жинамай, темекі тұқылын қолымен сөндірмей тастап кетіп жатады. Соның әсерінен ары қарай өрт таралып, өрт жағдайлары тіркеліп жатыр.

Ауа температурасының жоғарылауы салдарынан еліміздің кей аймағында зиянкес жәндіктер де қаптап жатыр. Оңтүстік-шығыс өңірлерде қарақұрт көбейсе, Маңғыстау облысы Бейнеу ауылында көшелерді қара қоңыздар жайлаған.

Рахымжан Шалбаев, Бейнеу ауданының әкімі:

- Аулаларын улап жатқан тұрғындар көп. Қазір базарда қолжетімді бағада улардың түрі бар. Бір қорқыныштысы, мұның тек қана улау барысында сақтық, санитарлық сақтық керек. Сақ болуды түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Жаздың алғашқы айында ми қайнатар ыстықтың тіркелуін мамандар жаһандық жылынудың әсерімен байланыстырады. Өйткені соңғы 50 жылда еліміздің ауа температурасы 2,5 Цельсий градусқа қызған. Қоқысты өңдемей, оңды-солды тастап, парниктік газдардың көлемін көбейтсек, бұл көрсеткіштің алдағы 10 жылда 2 есеге өсуі бек мүмкін. Ал оның салдары қазіргіден де жойқын болуы ықтимал.

Авторлары: Назым Қайрат, Ырыстанбек Оспанов