Биылғы қыс қандай болады?

Биылғы қыс бұрынғыдан өзгерек.

Мезі қылған жаһандық жылыну үдерісі сап тыйылмаса да, біраз бәсеңдеуі мүмкін. Өйткені жер шарын күрт суытатын Ла-Нинья құбылысы күшіне енді. Бұл климаттық феномен кезінде Тынық мұхитының суы салқындап, артынша күллі әлемде күн райы өзгереді.

Ла- Нинья бұл жолы да біраз тосынсый дайындап жатқан сияқты. Мәселен, биыл Солтүстік Америкада қар қалың түседі деген болжам бар. Еуропа тұрғындарын үскірік, аяз біраз әбігерге салмақ. Ал біздің елді қандай қыс күтіп тұр? 

Мөлдір Жақан, тілші:

- Қыстың ауылы жақындаған сайын синоптиктер қытымыр мезгілдің қалай өтетінін болжап әлек. Мамандардың бар назары Ла-Нинья құбылысында. Климаттық феномен кезінде Тынық мұхитының экваторлық бөлігі әдеттегіден салқын бола түседі. Мұндай ауысымды цикл әр 2-7 жыл сайын болады. Салдарынан жер шарында күн райы күрт өзгеріп, муссонды жаңбырлар жауып, дауыл күшейеді. Демек, дәл осы климаттық феномен қыс мезгілінің де жоспарын түбегейлі өзгертуге қауқарлы. Бұл құбылыс әсіресе 2010-2011, 2020-2021 жылдары жоғары қарқын алды. Соңғы рет күшті фазасы 2023 жылы аяқталды. Сөйтіп оның орнын қарама-қарсы құбылыс Эль-Ниньо алмастырды. Эль-Ниньо кезінде керісінше Тынық мұхитының суы жылып, әлемдегі орта температура жоғарылайды. Салдарынан былтыр жаһан жұрты әлемдегі ең ыстық жылды бастан кешірді.

ЦИТАТА: Мишель Л'Оре, АҚШ Мұхиттық және атмосфералық зерттеулер ұлттық басқармасының климатологы

2020-2023 жылдары үш қыс қатарынан Ла-Нинья жағдайында өтті. Бұл ерекше жағдай. Мұндай тенденцияны тек 1973-1976 жылдары байқаған болатынбыз. Әдетте Ла-Нинья Эль-Ниньоға қарағанда ұзақа созылады және жиі қайталанады. 

Мөлдір Жақан, тілші: 

- Ла-Нинья құбылысы алдымен Солтүстік Американың күн райына тікелей әсер етеді. Биыл АҚШ-тың солтүстік-батысы мен Канаданың оңтүстігінде қар қалың болады әрі аймақта суық жел тұрады. Ла-Ниньяның климатқа келтірер залалы да жетерлік. Мәселен, АҚШ-тың оңтүстігінде, Калифорния және Флорида штаттарында ауа температурасы жоғары болады. Осы себепті мұнда құрғақшылық күшейіп, орман өрті жиілеуі мүмкін. Оңтүстік Америкадағы жағдай да осындай. Ал Еуропада кейінгі жылдары қыстың жұмсақ болуына полярлық құйын себеп болған тәрізді. Метеорологтарды Арктикада қалыптасатын алып атмосфералық құйынның жағдайы алаңдатып отыр. Табиғаттың бұл құбылысы арктикалық суықты осы уақытқа дейін ендікке жібермей отырған еді. Қазір оның қарқындылығы бәсеңдеп, өте төмендеген. Демек, Еуропаға Солтүстіктен суық жел соғып, өзімен бірге шыңылтыр аяз бен қалың қар ала келеді. Алдын ала болжам бойынша қардың негізгі бөлігі таулы аймақтарда және солтүстік мемлекеттер - Ұлыбритания, Ирландия, Дания, Исландия, Норвегия, Швеция мен Финляндияда жауады. 

ЦИТАТА: Орта мерзімді ауа райы болжамы еуропалық орталығынның баспасөз қызметі:

Біздің талдаулар полярлық құйынның күздің соңына дейін әлсіз болатынын көрсетіп отыр. Оның жағдайы әрі қарай да нашарлауы әбден мүмкін. Сондықтан 2025-2026 жылдары Еуропадағы қыс бұрынғыға қарағанда едәуір қатты болады деп айтуға толықтай негіз бар. 

Мөлдір Жақан, тілші:

- Ал көршілес Ресейде қыс қарашаның қара суығымен бірге жетеді. Алғашқы қар күздің соңғы айында жауады. Ақпан айында ақ ұлпа мөлшері нормадан екі есе жоғары болады. Сондай-ақ мұзды жаңбыр жауып, жұртты таңғалдыруы әбден мүмкін. Күн күрт жылып, одан соң аяз күшейуі ықтимал. Ресейдегі климат жер шарындағы орташа деңгейден 2,5 есе тез өзгереді. Мысалы, Мәскеуде желтоқсан айында сынап бағанасы күндіз -5 ° C-тан + 8 ° C-қа дейін көрсетсе, қаңтарда ауа температурасы -35°C-қа дейін төмендеуі мүмкін. 

ЦИТАТА: Алексей Кокорин, климатолог:

Ресейдегі температуралық әткеншектер елдің атмосфералық процестерді күшейтетін Дүниежүзілік мұхитқа жақын орналасуымен байланысты. Ал оның температурасы үздіксіз жоғарылап барады. Салдарынан алдағы уақыттары Ресейде қыста жылы күндер 2-3 есе көбейеді. 

Мөлдір Жақан, тілші:

- Енді Қазақстанда қыс қалай өтетініне кеңінен тоқталайық. Мұндағы жағдай Ресеймен ұқсас. Алғашқы боран қараша айында соғады. Елдің солтүстік, орталық және шығыс аймақтарында қатты жел тұрып бұрқасын соңып, көктайғақ болуы мүмкін. Елдің басым бөлігінде қар аралас жаңбыр жауады. Айдың соңында мұнда ауа температурасы түнде -15-20 градус аязға дейін, күндіз -10-15 градус аязға дейін төмендейді. Желтоқсан айында ауа райы климаттық нормаға жақын болады. Солтүстік-батыста әдеттегіден жылы болады. Ауа температурасы әрі кетсе -14 градусқа дейін төмендейді. Ал солтүстік –шығыста сәл салқынырақ болуы мүмкін. -17 градусқа дейін барады. Қаңтарда айтарлықтай аяз болмайды. Солтүстік-шығыста -20 градустан сәл асады. Ал ақпан қыстың ең жұмсақ ай болмақ. Еліміздің барлық аумағында ауа температурасы нормадан жоғары болады. 

Жұлдыз Исабекова, «Қазгидромет» РМК Ұзақ мерзімді ауа райы болжамдары басқармасының бастығы:

- Қыс мезгілі қоңыржай жылы болады. Бірақ кей кезеңдерде ауа температурасының жиі өзгеруіне байланысты қар жамылғысында мұз қабыршығы жиі пайда болуы ықтимал. Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болжанады. 

Тіршілігі табиғатпен біте қайнасқан қазақ халқы ықылым заманнан бері жұлдыздарға, аң-құстардың әрекетіне зер салып-ақ, күн райын дәл болжайтын. Күздің алғашқы күнінен бастап сауысқан ескі үйлермен шатырды торуылдап жиі шықылықтаса, ол қыстың қатты болатыны туралы хабары. 

Егер орман-тоғайларда саңырауқұлақ аз өссе, онда қыс әрі суық, әрі қатты болады. Ал қазан айында күн күркіресе, қыс қамшы сабындай келте болмақ.

Гаухар Эшбекова, ҚР Ұлттық музейінің кіші ғылыми қызметкері, этнограф:

- Күз мезгілінде ағаш жапырақтары ақырындап түсетін болса, сол жылы қыстың суық әрі ұзаққа созылатындығының дәлелі. Қайын ағашы төменнен жоғары қарай жапырақтары сарғаятын болса, онда қыс мезгілі суық болады дегенді білдіреді. Ал егер керісінше жоғарыдан төмен қарай сарғаятын болса, қыс мезгілінің жылы әрі қысқа болатындығын білдіреді.

Мөлдір Жақан, тілші:

- Жалпы жер шарына уақытша салқындық әкелетін Ла-Нинья құбылысы ұзаққа созылмайды. Наурыз айында нейтралды фазаға өтеді. Кейін Эль-Ниньо қайта күшіне мінеді. Сондықтан жаһандық жылу үдерісінен қашып құтыла алмайтынымыз анық. Ғалымдардың айтуынша, әлемдегі орташа температура өсімін Париж келісімі бекіткен 1,5 °C шамасында ұстап қалу үшін екі-ақ жыл қалды. Егер көрсеткіш бұл шектен сәл асып түссе, адамзат баласы небір табиғи апаттармен бетпе-бет келеді. Бірақ табиғат кем-кетігін өзі түзеп отыратыны тағы бар. Сондықтан қыстың бірде жылы, бірде ызғарлы болуы қалыпты жағдай дейді мамандар. 

Мөлдір Жақан