EXPO 2017: Мадагаскардың ұлттық күні

Бүгін Астана төріндегі EXPO халықаралық көрмесінде Мадагаскардың ұлттық күні аталып өтіп жатыр.

Үнді мұxитында орналасқан бұл арал EXPO қалашығына келушілерді өзінің экзотикасымен қайран қалдырды.

Салтанатты мереке Қазақстанның және Мадагаскардың әнұрандарының орындалуымен, сондай-ақ қос елдің байрақтарын көтерумен басталды. Осыған орай ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы құттықтау сөз сөйледі.

Жалпы Мадагаскар – Африка құрлығының оңтүстік-шығысында, Үнді мұхитында орналасқан мемлекет. Әлемдегі аралдардың ішінде көлемі бойынша 4 орында тұр.

Мадагаскарда ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Мұнымен қоса ванильді көптеп өндіретін әлемдегі көшбасшы ел.

Кезінде алпауыт Coca Cola компаниясы табиғи ванильдан синтетикалыққа көшкен кезде Мадагаскарлықтардың экономикасына елеулі әсер еткен.

Сонымен қатар онда күн және жел энергетикасы жақсы дамыған. Тіпті олар ұялы телефондарын күн көзімен қуаттандырады екен.

Ал бүгінгі мереке Мадагаскардың музыкалық композицияларын орындаумен жалғасын табады.