EXPO 2017: Хайнань провинциясының күндері

Қытайдың туристік һәм экономикалық әлеуеті зор аймағы Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ниетті.

Хайнань провинциясы туризм саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын. Арал тұрғындарын еліміздің ауылшаруашылық өнімдері қызықтырады. Бүгін EXPO қалашығында қос мемлекеттің өкілдері өзара қарым-қатынасты дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды.

Хайнань провинциясы. Мұндағы теңіздің көкпеңбек суы мен ақ маржан құмдары талайды тәнті етеді. Тропикалық жемістен дәм татсаңыз, тіл үйіреді. Бір сөзбен айтқанда, тұнып тұрған экзотика. Қытайдың оңтүстігінде орналасқан бұл аймақ шипажайлардың арқасында былтыр ел экономикасына 2 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартқан. Енді олар туризм саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын. Бүгін Астанада қос тарап өзара ынтымақтастық жөніндегі құжатқа қол қойып, әртүрлі бағыт бойынша жұмыс істеуге уағадаласты.

Батырбек Әубәкіров, Қазақстан-Қытай сауда ынтымақтастығы қауымдастығының басқарушы директоры:

- Бұл меморандумның аясында Қытаймен өзара ынтымақтастықты дамыту үшін экономиканың түрлі салаларында нақты іс-шаралар жоспарын құруды ұсынғалы отырмыз. Алда әлі талай кездесулер өтеді. Аспан асты елінің туризмі қарқынды дамыған. Көршілердің бұл тәжірибесін зерттеп, зерделеп, оны Қазақстанға енгізу керек.

Хайнаньның туризм әлеуеті зор. Аралдағы демалыстан биылдың өзінде 320 млн доллар көлемінде пайда түскен. Қытай мәдениетімен 300 мыңнан астам турист танысқан. Дені орыстілді демалушылар. Жыл соңына дейін бұл аймаққа 20 мыңдай қазақстандық барады деп күтілуде. Провинцияға визаны ресімдемей-ақ, тікелей әуе рейсімен ұшып баруға мүмкіндік бар.

Юй Сюнь, Хайнань провинциясы халықтық саяси консультативті кеңесінің басшысы:

- Бүгінде Хайнань даму қарқыны зор, арнайы экономикалық аймағы бар провинция. EXPO көрмесінің алаңында өтіп жатқан кездесуде біз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Осылайша екі елдің қарым-қатынасын бұдан әрі нығайтуға бетбұрыс жасаймыз.

EXPO көрмесі аясындағы Хайнань провинциясының күндеріне орай Қытайдан 20-дан астам кәсіпкер келді. Олар медицина, ауыл шаруашылығы, туризм салалары бойынша жаңа байланыстар орнатуға ниетті.

Авторлары: Ж.Біркенов, Н.Базаров