365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Баспана» ИҰ: 7-20-25 бойынша ипотекалық несиені тек бағдарламаның серіктес-банктері береді

  • 371
  • UPD: 12:17, 20.08.2018
«Баспана» ИҰ: 7-20-25 бойынша ипотекалық несиені тек бағдарламаның серіктес-банктері береді

Соңғы уақытта ғаламтор мен әлеуметтік желілерде құрылыс компаниялары мен тұрғын үй кооперативтерінің «7-20-25» бағдарламасының атын жамылған ақпараты көбейіп барады, деп хабарлайды ұйымның баспасөз қызметі.

Мысалы, 0-20-25, 5-19-25, 5-10-25 сынды түрлі акциялар пайда болды. Алайда олардың шарттары «7-20-25» бағдарламасының шарттарына мүлдем сәйкес келмейді. Олардың «7-20-25» бағдарламасына еш қатысы жоқ. «Баспана» Ипотекалық ұйымы кейін түрлі түсініспеушіліктер туындамауы үшін халықты мұндай акциялар мен жарнамаға өте сақ болуға шақырады. Мысалы, 25 - жылына берілетін несие емес, 25 айға ғана созылған несие болу мүмкін. Сонымен қатар кей кездері мұндай акцияларда 20 саны алғашқы жарна емес, несие бойынша үстеме мөлшерлемесі болып шығады. «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық несиені тек қана бағдарламаның серіктес-банктері бере алатынын еске саламыз. Қазіргі таңда, олар: Центркредит банкі, АТФ Банк, Цеснабанк, Bank RBK мен Евразиялық банк. Ал құрылыс компаниясы немесе тұрғын үй кооперативтері еш уақытта «7-20-25» бағдарламасымен несие бере алмайды. Сонымен бірге, құрылыс компаниясы ұсынған бөліп төлеу «7-20-25» бағдарламасы болып табылмайды.

«Бүгінгі таңда «7-20-25» бағдарламасының шарттары нарықтағы ең тиімді ұсыныс болып отыр. Тиісінше, осы нарықтағы түрлі компаниялардың президенттік бағдарламаның атын жамылып, өз өнімдерін өткізуге ұмтылатындары да байқалады. Біз нарықтың дамуын қолдаймыз, алайда олай халықты алдауға түбегейлі қарсымыз», - деді «Баспана» Ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков.

Осы категория бойынша: « Астанада жаңбыр жауып, жел тұрады Еліміздің солтүстік пен шығысында күздің қоңыр лебі сезіледі »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы