383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сақтандыру жүйесінің арнайы категориясына кімдер кіреді және бұл не үшін қажет

  • 169
  • UPD: 08:32, 11.06.2019

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы бойынша Ұлттық Банк шотына 177 млрд теңге жиналған.

Жарна төлеуде елордалық жұмыс берушілер белсенділік танытып келеді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Медициналық сақтандыру қорына 22 млрд теңге түскен. Сақтандыру жүйесінің арнайы категориясына кімдер кіреді және бұл не үшін қажет?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Оған сәйкес тұрғындар екі түрлі медициналық пакет бойынша көмек алады. Яғни келер жылы кепілдендірілген медициналық көмекпен бірге қосымша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жүретін болады. Соңғысы азаматтардың арнайы шотына жиналған қаржы есебінен жүзеге асырылады. Ал кепілдендірілген көмекті Үкімет қаржыландырады. 

Нұрлыбек Қабдықапаров, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ қалалық филиалының директоры:

– 15 категория бар. Сол 15 категорияға үкімет жарнаны өзі төлеп отырады. Оның ішіне мүгедектер, ҰОС ардагерлері, зейнеткерлер, алтын, күміс алқа алған аналар, үш жасқа дейін баламен отырғандар кіреді. Барлық кепілдендірілген медициналық көмек арқылы осылардың барлығы тегін көмек алады.

Жаңа жүйе халықтың медициналық және дәрілік көмекті тең дәрежеде алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар емдеу мекемелеріне қойылатын талаптарды күшейтіп, бәсекелестікті арттырады. «Ал бұл өз кезегінде қызмет сапасын жақсартады», – дейді мамандар. Тек жарнаны уақыты төлеп тұрса болғаны.

Азамат Байбалаев, №6 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі:

– Әлеуметтік медициналық сақтандырудың пайдасы – денсаулық сақтау саласындағы қаржылық тұрақтылықты, медициналық қызметтердің жоғары және сапалы болуын, қолжетімділігін, медициналық қызметтің кең ауқымды пакетін алу үшін қамтамасыз етіледі.

Медициналық сақтандыру жарнасын төлеуден Алматы қаласы көш бастап тұр. Қорға жиналған жалпы қаражаттың 20 проценттен астамы соларға тиесілі. Елорда екінші орында. Еліміздің бас қаласының үлесі – 12,5%. Үшінші орында – Қарағанды облысы (8,2%).

Авторлары: Ғазиза Мұxамеджанова, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы