383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияға саяхаттаудың 5 себебі

  • 207
  • UPD: 15:16, 10.07.2019
Грузияға саяхаттаудың 5 себебі

Қазақстандықтар үшін тартымдылығы жағынан 100-ден астам елдің ішінде Грузия 11-орында тұр.  

Сонымен, Қара теңізді жайлаған бұл мемлекет саяхатшыларды несімен қызықтырады?

Бірінші: Грузия – әлемге танымал шараптың отаны

Цинандали, Киндзмараули, Саперави, Хванчкар – бұл көпшілікке таныс атаулар. Кахетия – грузиндер үшін киелі жер. Себебі әйгілі жүзімдіктердің барлығы да осында орналасқан. Сіз мұнда шарап жасаудың көнеден қалған тәсілдерімен танысасыз. Ал тау етегін жайлаған Алазани жүзім алқабының сұлулығын ешқашан ұмытпасыңыз анық.

Екінші: Грузия жауһары Тбилиси, жаңа мен ескі ұштасқан Батуми

Тбилисидегі ғимараттар архитектурасының ерекшелігімен менмұндалап тұрады. Қалада бір-біріне ұқсайтын немесе туристердің есінде қалмайтын ескерткіштер әсте жоқ. Биік ғимараттар мен су жаңа үлгідегі қонақүйлер жаңа Батумидің келбетін арттырса, тас төселген ойлы-қырлы тар көшелер мен бірін-бірі бойлай орналасқан тұрғын үйлер Батумидің өткенінен сыр шертіп тұр. Бұл қалада зауыт та, фабрика да жоқ, тек туристік қызмет ұсынады және туристерді жылдың төрт мезгілінде де қабылдауға дайын.

Үшінші: көне астанасы Мцхета

Көне жәдігерлердің отаны саналатын бұл қала талай тарихтың куәсі болған. Соның бірі – Светицховели шіркеуі. Ежелден жеткен аңызға сүйенсек, бұл мұнараны жобалаған сәулетшінің оң қолын осындай екінші кереметті жасамауы үшін шауып тастаған. Ұстаның қолының ізі мыңжылдық тарихы бар ғимараттың бір бөлігінде әлі күнге дейін сақталған.

Төртінші: грузин асханасы

Грузин асxанасы кез келген туристің көңілінен шығары анық. Тағамдарының дәмі тіл үйіреді. Аджариялық xачапури, ірімшік және анар сусынының дәмін көруге міндеттісіз.

Бесінші: халқының қонақжайлығы

Бұл халықтың менталитеті мүлдем бөлек. Грузиндер – өте ақкөңіл әрі кеңпейіл ұлт. Тау бөктеріндегі ауылдарға жолыңыз түссе, қуаныңыз. Себебі сіз тек бір үйдің емес, тұтас ауылдың қонағысыз. Мұнда бір ғана ереже бар: «Досың келгенде жұмыс күте тұрады!»

Біле жүріңіз:

  1. Грузияға төрт күндік саяxат [трансфер және екі адамдық бөлмеде орналасуды қоса есептегенде] шамамен 160-170 мың теңгені құрайды.
  2. Халқының басым бөлігі орыс тілінде сөйлей алады. Жас буын ағылшын тілін де жақсы меңгерген.
  3. Тбилисиден Батумиге дейінгі әуе рейсінің құны шамамен 50 АҚШ доллары. Бір сағатта діттеген жеріңізге жетесіз. Екі аралыққа жүйрік пойыз қатынайды, алайда билетті алдын ала алғаныңыз дұрыс.
  4. Батуми – теңіздегі демалысты сүйетіндер үшін таптырмас орын. Дегенмен теңіз жағалауы тасты болғандықтан, ыңғайлы аяқ киіміңізді ала баруды ұмытпаңыз.
  5. Толыққанды түскі асыңыз 7-10 долларға шығады. Мейрамxаналары ұлттық ән-күйімен, шығыс биімен де тамсандырады.
  6. Грузия – көрікті жерлер мен көне жәдігерлерге толы аймақ. Уақытыңызды тиімді пайдаланып, алдын ала жоспар құрмасаңыз, толық аралауға бірнеше аптаның өзі жетпеуі мүмкін.

Авторы: Жансая Әлібаева

Хабар 24 телеарнасы