386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Магниттік дауылдан қалай сақтанған жөн?

  • 582
  • UPD: 16:04, 18.07.2019

Елімізде соңғы он жылда болмаған ең күшті магниттік дауыл биыл шілде айында болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл табиғи құбылыс адам денсаулығына әсер етуі мүмкін. Мамандар осылай деп дабыл қағуда. Келесі магниттік дауыл осы шілденің 29 күні болуы ықтимал. Сондықтан барынша сақ болған жөн. Магниттік дауыл кезінде неден бас тартқан абзал? Мамандар пікірі қандай?

Магниттік дауылды ғалымдар жердің магнит өрісінің күшті ұйытқуынан пайда болады деп түсіндіреді. Ол бірнеше сағаттан бірнеше тәулікке дейін созылады екен. Бір қызығы бұл құбылыс жер бетінің барлық нүктесінде бір мезгілде өтеді.

Дауыл басталғанда адам әлсіреп, ештеңеге зауқы болмай, ұйқы басады, - дейді мамандар. Әсіресе, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер мен балалар сақ болған жөн.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

– Мамандар магниттік дауыл кезінде ащы, тұзды және майлы тағамдардан бас тарту қажет деп кеңес береді. Ал шайдың орнына таза су ішкен абзал. Түрлі энергетикалық сусындарға мүлде жоламаған жөн.

Магниттік дауыл күндері жүрек-қан тамырлар жүйесіне салмақ салмау керек. Ол үшін таза ауада жиі серуендеп, жеңіл тағамдарды тұтынған пайдалы. Тіпті денсаулығы жақсы адамдардың өзі су ішу режимін сақтау қажет, дейді мамандар.

Шыңғыс Байкөбенов, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының маманы:

– Магниттік дауыл кезінде адам организмінің құрамында холестерин мөлшері көбейеді. Энергетикалық сусындар, кофе осыны көбейтуге әкеледі. Біздің елдің азаматтары шайға құмар. Көп ішеміз. Дәл осы кезде құрамында шөптік шайды кең пайдалану керек.

Магниттік дауыл ең алдымен адамның орталық жүйке жүйесіне және жүрек-қан тамырларына салмақ түсіреді. Мамандар, инфаркт, инсульт, гипертониялық аурулардың асқынуы мүмкін екендігін алға тартады. 

Шыңғыс Байкөбенов, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының маманы:

– Ағзасында созылмалы аурулары бар жүрек-қан тамырлары, психо-эмоционалдық, орталық жүйке жүйесінде ақауы бар адамдар осы кезде өздерінің дәрігерәі жазып берген дәрі-дәрмегін өздерімен болғаны жөн.

Магниттік дауыл күнің қатты ысуынан пайда болып, ғарыш арқылы жерге түседі. Келесі магниттік дауыл шілденің 29 күні болуы мүмкін. Алайда ғалымдар жерде магниттік дауыл ай сайын өтетіндігін айтады. Бірақ оны байқай бермейді екенбіз.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы