384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада Құрбан айт күні мал союға болатын орындар белгіленді

  • 676
  • UPD: 21:06, 07.08.2019

Нұр-Сұлтан қаласында Құрбан Айт күндері мал соятын жеті орын белгіленді. Олар қала базарлары мен сауда үйлерінің маңында.

Жергілікті әкімдік мереке күндері мал бағасын қолдан көтермеуге және құрбандықты бекітілмеген жерде шалмауға шақырып отыр. Ал мешіт имамдары қасапшыларды арнайы оқытуға кіріскен.

Құрбан айт биыл тамыздың 11-і мерекелік айт намазынан басталып, үш күнге созылады. Малды құрбандыққа шалатын кез де осы уақыт. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласында санитарлық нормаларға толық сай мал соятын 7 орын белгіленді.

Әділет Төлеутаев, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық даму істері басқармасы бөлім басшысының м.а.:

- «Метро» СҮ, Алас жолындағы «Нұр-береке» базары, «Жайлау» базары, «Шаушен» шаруашылығы, «Темеш» шаруашылығы, «Алтын Таға» және «Ұлжан» базарлары. Осы 7 нүктеде қала бойынша құрбандық шалу рәсімдері өтеді.

Ершат Оңғаров, ҚМДБ ғұламалар кеңесінің хатшысы:

- Құрбандыққа шалынатын малға келсек, 4 түлік мал. Қой, ешкі, сиыр, түйе жарайды. Малдың бойында кемістік болмауы керек. Мысалы, бір мүйізі сынған, бір көзі соқыр. Аяғы ақсақ, өте арық мал болмауы керек. Яғни малдың ішіндегі жақсысы тағдалуы керек.

Қазір Әзірет-Сұлтан мешітінде қасапшыларға арналған семинарлар өтіп жатыр. Имамдар шариғат заңы бойынша мал сою ережелерін түсіндіреді. Есесіне қалалық әкімдік құрбандыққа шалынатын малдың негізсіз қымбаттауына жол бермейді. Бүгін атқамінерлер журналистерді осылай деп сендірді.

Әділет Төлеутаев, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық даму істері басқармасы бөлім басшысының м.а.:

- Әкімдік тарапынан бұл жағынан да қатаң бақылау болады. Базар басшылықтарымен, мал сою орындары басшылықтарымен түсіндіру жұмыстары өткізілді. Құрбан айт мерекесін өткізу барысында бұл мәселе қатаң назарда болады. Сонымен қатар қала ішінде бекітілмеген жерде құрбандық шалу, яғни мал сою мәселесі бойынша да жоғары деңгейде бақылау жүреді.

Мерекеге орай мешіттерде арнайы акция ұйымдастырылмақ. Енді жеті адам бірігіп, құрбан шалуға мүмкіндік бар. Ниет қылғандар етті қайырымдылыққа жарата алады. Толық ақпаратты мал сою орындарында жүретін дін өкілдерінен сұрап білуге болады.

Наурызбай Өтпенов, Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы:

- Акцияға байланысты мал бағасы белгілі. Бір ірі қара мал 315 мың теңге. Бір адамға 45 мың теңгеден. Бірақ оның ішіне барлығы кіреді. Сойып береді, бөліп береді, бәрін дайындап береді. Ет жетіге бөлінеді. Сол адамдар бәрін әкете ме, немесе қайырымдылыққа бере ме, оны әрі қарай өзі шешеді.

Мереке күндері Елордадағы 11 мешіттің барлығында ұлттық ойындар мен алуан түрлі сайыстар да ұйымдастырылмақ.

Авторлары: Ж.Біркенов, Е.Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы