389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ғасырдан ұзақ жасаған Таиланд тұрғыны құпиясымен бөлісті

  • 245
  • UPD: 13:47, 28.08.2019
Ғасырдан ұзақ жасаған Таиланд тұрғыны құпиясымен бөлісті thethaiger.com

128 жастағы Таиланд тұрғыны өзінің ұзақ жасау сырымен бөлісті, деп хабарлайды The Thaiger порталы.

Орн Парнчомпудың айтуынша, ол Сиама Рама V патша ел басқарған тұста, яғни 1891 жылдың 9 сәуірінде дүниеге келіпті. Қарияның өмірі елдегі реформалық өзгерістермен тұспа-тұс келген, соның ішінде құлдықты жою мен министрлік жүйені құру сәтіне куә болды.

Орн Парнчомпу үйленген, кіндігінен тараған 7 баладан 11 немере сүйіп отыр. Әйелі одан 58 жасқа кіші, қазір 70-ке толған. Айрандай ұйыған отбасы Таиландтың солтүстік-шығыс бөлігіндегі Ни Сомбун ауылында тұрып жатыр.

Жас шамасына қарамастан, отағасы үйді сыпырып, бөгде адамның көмегінсіз баспалдаққа көтеріле алады. Оның айтуынша, ұзақ өмір сүруінің бар құпиясы табиғи тағамдарды тұтыну мен физикалық жаттығулар жасауда.

«Менің достарымның көбісі о дүниелік болып кетті. Оларды сағынамын. Мүмкін болса, 200 жасқа дейін өмір сүргім келеді», – дейді Орн Парнчомпу.

Бұған дейін әлемдегі ең кәрі кісі ретінде  Индонезия азаматы Мбах Гхото саналған еді. Ол 2017 жылы 146 жасқа қараған шағында көз жұмды. Ресми құжатқа сәйкес, Мбах 1870 жылдың 31 желтоқсанында туған. Журналистерге берген сұхбатында атай ұзақ жасауының сырын «айналамда мені шын жақсы көретін адамдар болды» деп түсіндірген.

Хабар 24 телеарнасы