385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Түнгі сот» туралы не білеміз?

  • 316
  • UPD: 16:46, 09.09.2019
<span class=favorites>«Түнгі сот» туралы не білеміз?</span>

Әкімшілік құқық бұзушылық дауларын шешуге келген тараптар кешкі уақытта сот отырысына қатысып, уақыттарын үнемдей алады.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз хатшысы Ботагөз Баянова айтып берді.

– Кешкі уақытта сот отырысын өткізетін «Түнгі сот» жобасы туралы бірі білсе, бірі белмеуі мүмкін. Бұл жоба қашаннан бастап қызмет көрсетуде?  Жалпы, жобаның негізгі мақсаты қандай?

– Жоғарғы сот тарапынан былтыр сот жүйесіне бірқатар стратегиялық тапсырмадан тұратын «Сот жүйесінің 7 түйіні» атты жоба жол тартқан болатын. Жеті жобадан тұратын бағдарлама өз кезегінде сот жүйесінің жұмысын оңтайландыру және сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру бағытында қызмет атқаруды көздеді. Солардың ішінде кешкі сағат 18:30-дан 22:00-ге дейін жұмыс істейтін «Түнгі сот» пилоттық жобасы сұранысқа ие.  Яғни дауды шешуге келген тараптар уақыттарын үнемдей отырып, кешкі уақытта сот отырысына қатысуға мүмкіндіктері бар.

– Бұл істің жылдам қаралуынан бөлек сот әділдігін орнатуға қаншалықты ықпал етеді?

– Түнгі соттар істі басқа күнге қалдырмай тез шешіп, уақытты үнемдеумен қатар заңдылықты қалпына келтіреді. Оқиғаның ізі суымай қаралуы азаматтарға да ыңғайлы.  Осыған орай сотқа қатысушылар сот қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін үш немесе бес тәуліктің ішінде өздерінің сақтандыру төлемдерін ала алады. Бұл азаматтарға келтірілген зиянның орнын тез толтыру үшін жасалып отырған нақты көмек болып табылады.

Сот шешімі шығарылғаннан кейін қайтадан шағымданып келушілер кездесе ме? Тараптар қаншалықты сот шешімімен қанағаттанады?

– Әкімшілік істердің «Түнгі сот» жобасы бойынша соттың шығарған қаулыларына ешкім шағымданбағанын және прокурор апелляциялық тәртіпте өтінішхат бермегенін атап өту керек.

– Көбінесе қандай құқықбұзышылықтар келіп түседі?

– Алғашында «Түнгі сот» отбасылық-тұрмыстық кикілжіңге байланысты тараптардың келісімге келу мәселесін қараса, арада көп уақыт өтпей, жоба аясында Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзған өзге елдің азаматтарына қатысты материалдар қаралды. Бұл өз кезегінде шетел азаматының сол күні еш кедергісіз елден кетуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар денсаулыққа аса ауыр зиян келтірілмеген істермен жүгінеді.

– Күніне қанша азамат «Түнгі соттың» көмегіне жүгінеді?

– Қазіргі уақытта «Түнгі сот» күніне 10-13 әкімшілік істі қарайды. 2018 жылдың маусым айынан бастам қазіргі уақытқа дейін 6181 іс қаралды.

– Азаматтар «Түнгі соттың» көмегіне қалай жүгіне алады? Қандай мекемеге бару керек?

– «Түнгі сотта» дауды қарау үшін небәрі екі шарт орындалуы қажет. Біріншіден, құқық бұзушы өзінің кінәсін мойындауы қажет. Екіншіден, тараптардың істі кешкі уақытта қарауға келісімдері болуы керек. Жол полициясының хаттамасы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жолданып, сонда қаралады.

Сұхбаттасқан: Динара Доспан

Хабар 24 телеарнасы