389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


МӘМС сақтандыру мәртебесін анықтайтын плагин құрастырылды

  • 429
  • UPD: 18:35, 03.10.2019
МӘМС сақтандыру мәртебесін анықтайтын плагин құрастырылды

Медициналық сақтандыру қоры МӘМС жүйесі туралы халықтың жан-жақты ақпарат алуы үшін, сондай-ақ олардың осы жүйеде өзінің сақтандыру мәртебесін анықтайтын құрал жасақтады.

Бұл құралды еліміздің кез келген тұрғыны пайдалана алады. Арнайы плагиннің құрылғаны әрі оның мақсаты мен халыққа берер пайдасы туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры КЕАҚ Ақпараттық жүйелерді дамыту департаментінің директоры Айдар Айтуев түсіндіріп берді.

«Функционалды тұрғыдан алғанда, құрал өте қарапайым. Арнайы ресурсқа кіріп, әр тұрғын өзінің ЖСН нөмірін енгізсе болды, сақтандыру мәртебесін біле алады. Бүгінгідей барлық адам смартфон қолданатын заманда бұл ыңғайлы әрі уақытты үнемдейді. Егер «сақтандырылған» деген жауап келсе, онда алаңдамауға болады. Ал егер жауап «сақтандырылмаған» болса, онда себебін анықтау керек. Мысалы, азаматтың «жалдамалы жұмысшы» деген мәртебесі бар және ол үшін төлемді жұмыс беруші жүргізеді делік. Жүйе арқылы қызметкер өзі жұмыс істейтін ұйым ол үшін медсақтандыруға төлем жасағанын немесе жасамағанын анықтай алады», - дейді Айдар Айтуев.

Ол өз сөзінде еліміздің әрбір тұрғыны өзінің сақтандыру мәртебесін не себепті қадағалап отыруы керектігін қозғап өтті.

«2020 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда МӘМС жүйесі іске қосылады. Осы уақытқа дейін бәріміз бұл жүйедегі сақтандыру мәртебемізді анықтап алуымыз керек. Мысалы, адамға қандай да бір сырқат бойынша диагноз қойылып, оған медициналық көмек қажет болды делік. Егер ол сақтандырылмаған болса, онда бұл адамға құрамына учаскелік дәрігер, жедел көмек, шұғыл стационарлық көмек, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде көрсетілетін медициналық көмек түрлері кіретін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) қолжетімді болады. Ал МӘМС пакеті бойынша берілетін медициналық көмек түрлері тек сақтандырылған азаматтарға ғана қолжетімді. Осылайша, егер сіз МӘМС жүйесінде өзіңіздің сақтандыру мәртебеңізді анықтаған болсаңыз, 2020 жылдан бастап өзіңізге қажетті барлық медициналық қызмет спектрін ала аласыз», - деп мәлім етті Әлеуметтік медициналық сақтандыру өкілі.

Ал бұл құралды пайдалану қолжетімді ме, яғни кез келген жерден қосылуға мүмкіндік қарастырылған ба? Айтуынша плагин әмбебап форматта жасалыпты. Ол кез келген сайтқа тіркеуге ыңғайлы.

«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бұл мәселеге қызығушылық танытқан барлық сайт иелеріне айтарым: «Егер өз ресурстарыңызға плагин орнатқыларыңыз келсе, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры КЕАҚ-қа өтініш жаза аласыздар», - деп тоқталды департамент директоры.

Байланыс үшін e-mail: p.andreev@fms.kz. Плагинді қарап көріп, зерделеу үшін «МСҚ» КЕАҚ-ның www.fms.kz ресми сайтын ашу керек. 

Елорда Инфо

Хабар 24 телеарнасы