388,28 427,67 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұзақ өмір сүрудің құпиясы: әлем елдерінің тәжірибесі

  • 535
  • UPD: 12:56, 17.10.2019
Ұзақ өмір сүрудің құпиясы: әлем елдерінің тәжірибесі beloveshkin.com

Сіз бен біздің әлемде ұзақ өмір сүретін елдер бар. Ол жақтағы тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 85-ке тең.

Тіпті тағы 5-6 жылда Кореяда бұл көрсеткіш 90-ға жетуі мүмкін екен. Ал Қазақстанда орташа есеп әзірге 72 жастан сәл асқан. Бұл халықтың өмір сүру деңгейіне байланысты екені сөзсіз. Десек те ғалымдар әр елде ұзақ өмір сүрудің өз құпиялары барын айтады.

ФИНЛЯНДИЯ

Жаппай табиғатқа шығу

Финляндияға жолыңыз түсе қалса, көшеде спортпен шұғылданып жүрген адамдардың көптігіне таң қалуыңыз мүмкін. Жергілікті тұрғындар үшін бұл қалыпты жағдай. Ұлттық хобби секілді. Финдердің 70 пайызының спортпен белсенді шұғылдануы сөзімізге дәлел. Ал әйелдердің 50 пайызы жұмысқа велосипедпен немесе жаяу барады. Тіпті аязды ауа райы да финляндиялықтың сапарға не балық аулуға аттануына кедергі келтіре алмайды.

1970-жылдардың басында Финляндия жүрек ауруынан көз жұматындар саны бойынша әлемде көш бастап тұрған. Бұл мәселе дұрыс тамақтану және таза ауада жаттығу жасау арқылы шешілді. Мамандар далада спортпен шұғылдану физикалық тұрғыда ғана емес, рухани жағынан да пайдалы екенін дәлелдеді. Ол өз-өзіңе деген бағаңның артуына, көңіл-күйдің жақсаруына әсер етіп, күйзелістен құтылуға көмектеседі.

Күннің салқындауы финдерден үлгі алуға кедергі келтіре қоймас деп ойлаймыз.

ИСЛАНДИЯ

Балық майының пайдасы

Сұрапыл табиғат, санаулы ғана жылы күндер ұзақ өмір сүрудің кепілі бола алмасы анық. Соған қарамастан исландиялықтар әлемдегі ең дені сау халықтардың бірі. Бар құпия ас мәзіріндегі балық көлемінде. Балық майы инсульт пен өзге де жүрек ауруларынан сақтап, буын сырқырауы және кәрілік белгілерімен күреседі. Альцгеймер ауруымен күресетіні тағы бар.

Аптасына бір рет ақсерке жеңіз. Жалпы, ғалымдар жеті күнде екі рет балық жеуге кеңес береді.

ЖАҢА ЗЕЛАНДИЯ

Бал артық болмайды

Өздеріңіз білетіндей, балдың кез келген түрі бактерияларға қарсы күшке ие. Әсіресе жаңазеландиялық мануки балының (шай ағашы) құрамында пайдалы заттардың көптігі соншалық, ғалымдар оны MRSA-мен (алтын стафилококк) күресу препараты ретінде қолданбақ. Дәрігерлер қазірдің өзінде жарақатты осы бал жағылған байлауышпен таңуға кеңес беруде. Оның жарақат пен ойық жараның тез жазылып кетуіне әсері зор. Асқынудың алдын алып, асқазан мен қызыл иектегі ауруларды емдейді.

Балды табиғи дәрі ретінде пайдаланыңыз. Мануки балын жеуге де, денеге жағуға да болады. Бірақ жарақатты таңу үшін зарарсыздандырылған түрін ғана қолданыңыз!

ИТАЛИЯ

Ата-анаңызға хабарласыңыз

Италияның Камподимеле елді мекенінде дәрігер қабылдауы қажетсіз болғандықтан баяғыда жабылып қалған. Жергілікті тұрғындардың холестерин деңгейі құдды жаңа туған сәбидікіндей. Тиісінше халық 82-85 жасқа қиналмай жетеді. Жерорта теңізінің ас мәзірі, табиғат аясындағы жұмыстың да маңызын жоққа шығара алмайсыз. Дегенмен бұл ауылдағы адамдар жалғыздық дегенді білмей өтеді. Көпшіл. Олар үлкен отбасыны және туған-туыс болып жиналып әңгіме-дүкен құрғанды құп көреді. Зерттеу бойынша, өзара қарым-қатынас, әлеуметтік қолдаудың денсаулық пен өмір ұзақтығына пайдасы жаттығулар және диетамен бірдей.

Сондықтан уақыт тауып тез арада туыстарыңыз бен достарыңызға хабарласыңыз.

ҮНДІСТАН

Дәмдеуіштер қосыңыз

Батыс елдеріне қарағанда үндістандық қарттар арасында Альцгеймер ауруына шалдыққандар әлдеқайда аз.

Мамандар мұның себебін дәмдеуштерден іздейді. Себебі куркума құрамындағы заттар үнді медицинасында ежелден қолданылады. Олармен ревматизмнен бастап асқазандағы ауруларға дейін емдейді. Бүгінде ғалымдар олардың Альцгеймер ауруымен күресуге, қарқынын бәсеңдетуге де әсері барын анықтады. Ол заттар қатерлі ісік ауруын дамытатын протеинге бұғат қояды. Мұны Техас университетінің сарапшылары дәлелдеп отыр. Оны таксоколмен араластыру арқылы сүт безіндегі қатерлі ісікті тоқтатуға болады. Ал зімбір ас қорытуға көмектессе, бедебас пен даршын қант диабетіне шалдыққандарға таптырмас ем.

Ендеше карриді өз қолыңызбен дайындап, күнделікті аста қолданып отырыңыз.

ФРАНЦИЯ

Астан ләззат алыңыз

Көп жылдар бойы ғалымдар француздардың салмақ қосуға бейім еместігінің сырын біле алмай келді. Әйтпесе олар кілегей, май, ірімшік пен ет түрлерін көп қолданады. Соған қарамастан жүрек ауруларына да шалдықпайды, өзге еуропалықтарға қарағанда ұзағырақ өмір сүреді. Зерттеушілер оның себебін енді түсінгендей. Тіпті мынадай ұғым да пайда болған: «өзге елдердегі әйелдер тағамның пайдасы мен зиянын сараптап жүргенде, француз әйелдері астың дәміне қатты мән береді». Бірақ мұндағы нәзікжандылар тойып жеуге ұмтылмайды.

Фаст-фудтардан бас тартыңыз. Ас әзірлеуге уақытыңызды аямаңыз. Дегенмен тамақты асықпай жеуге тырысыңыз.

ЖАПОНИЯ

Көк шай және соя тұздығы

Жапонияның дәстүрлі ас мәзірі балық, күріш, соя және көкөністерден тұратынын білесіздер. Ал мұның бәрі жүрек аурулары мен қатерлі ісіктің кейбір түрлерінің алдын алады. Соя жүрек аурулары жайлы ескертіп, сүйектің қалпын жақсартады. Брокколи мен түрлі-түсті қырыққабат та жапондардың сүйікті тағамдары. Олардың пайдасы туралы сіздер онсыз да хабардар шығарсыздар. Көк шай тоқ ішектегі, асқазандағы ісік ауруын болдырмай, қан қысымын қалыпқа келтіріп, холестеринді азайтады.

Бүгіннен бастап көк шайға көшіңіз. Балық жеп, тағамыңызға соя араластыруды ұмытпаңыз.

ҚЫТАЙ

Бізбен бірге ән салыңыз

Оңтүстік Қытайдың шалғайда жатқан Бама округіндегі күріш алқаптарынан жасы 90-ды алқымдаған әйелдерді жиі кездестіруге болады. Ғалымдар мұндай ғажайыпты жергілікті халықтың ән айтуға деген құштарлығымен байланыстырып отыр. Ән айту иммунитет пен көңіл-күйді көтереді. Хорда ән салып жүрген қариялар дәрігердің де, дәрі-дәрмектің де көмегіне сирек жүгінеді. Күйзеліс дегенді де білмейді екен.

Бұл сырды ауылдың алты ауызы әндерін айтатын біздің әжелер де білетін сияқты.

Сонымен, тұрғындары ең ұзақ өмір сүретін елдер тізімі мынадай:

Жапония – 85.3 жыл

Испания – 83.7 жыл

Франция – 82.9 жыл

Австралия – 82.8 жыл

Исландия – 82.5 жыл

Канада – 82.1 жыл

Финляндия – 81.8 жыл

Жаңа Зеландия – 81.1 жыл

Ұлыбритания – 80.7 жыл.

Авторы: Мәдина Асылбек

Хабар 24 телеарнасы