Warning
  • JUser: :_load: Unable to load user with ID: 142
386,68 428,91 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Балдың денсаулыққа қандай пайдасы бар? Омарташы жауабы

  • 433
  • UPD: 15:03, 05.11.2019
Балдың денсаулыққа қандай пайдасы бар? Омарташы жауабы inbusiness.kz

Омарта шаруашылығы мен балдың адам денсаулығына пайдасы, оның ерекше қасиеттері туралы Шығыс Қазақстан облысындағы омарта шаруашылығының қожайыны Сауров Сұлтан Ерғалиұлы сұхбат барысында айтып берді.

– Омарташылыққа қалай келдіңіз? Бұл кәсіпке деген қызығушылығыңыз неден басталды?

– Менің әкем 1998 жылдан бастап ара шаруашылығымен айналысады. Омартамыз Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданындағы Раево мекенінде орналасқан. Енді оны мен де жалғастырудамын. Раево мекені табиғаты әртүрлі шөптерге, егіндіккке бай, сондықтан ара шаруашылығына өте қолайлы.

– Балды жақсы көрмейтін адам кемде-кем. Дегенмен аралардың балды қалай өндіретінін көбісі біле бермейді. Сол туралы айтып өтсеңіз.

– Гүлдердің өздерінің гүлдейтін белгілі бір уақыттары болады. Сол кезде аралар гүлдерден шірне алады, оны ұясына апарғанша аузымен өңдеп келеді. Ұясында жас аралар балды толығымен өңдеп, алты бұрышты ұяшыққа құйып, балауызбен жабады. Осылайша аралар балды өздері 100% өңдеп шығарады.

– Балдың денсаулыққа пайдасы туралы кеңірек тоқталсаңыз. Қандай ауруларға ем?

– Бал арасының өнімдері – мың бір ауруға шипа. Ерте заманда дәрілік қасиеттері бойынша бал өнімдері бірінші орында тұрған. Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша балды күнделікті тұтыну қан құрамын жақсартады, ішкі ағзалардың қызметін жандандырады, иммунитетті күшейтіп, мидың жұмысын жақсартады. Сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауруларына, бауырға, бүйрекке, ішек-қарын жолына, өтке пайдалы. Көбісі ара балын ауырған кезде ғана іздеп жатады. Ол күнделікті ас үстелінде нанмен бірге тұруы керек. Оны күнделікті белгілі бір мөлшерде жеген адам химиядан жасалған дәрілерді керек те етпейді.

– Белгілі бір мөлшерде жеу керек деп қалдыңыз, тәулігіне қандай мөлшерден асырмаған жөн? Жалпы балды көп тұтыну денсаулыққа зиянын тигізбей ме?

– Жапон ғалымдарының айтуынша, балалар күніне кем дегенде 25-30 гр, ал үлкендер 50 гр бал жеуі керек. Мысалы, жапон, неміс халықтарында статистика бойынша бір адам жылына 3-4 килограмм бал тұтынады екен, ал бізде жылына 60 грамм. Сол себептен олар сирек ауырады, денсаулығы мықты болып келеді. Балға аллергиясы бар адамдарды әлі кездестірген жоқпын.

– Балды тұтынудың қандай да бір қағидалары бар ма?

– Балды жеудің әдісі бар. Балды тілдің астына салып, ерітіп қабылдаған кезде оның ферменттері ішек құрылысы арқылы арнайы өңдеуді қажет етпей, асқазанға түспей, бірден жасушалар арқылы тарап, қанға барып сіңеді. Міне, балды осылай қабылдағанда оның қасиеті адамның жүйкесін жаңартып, шаршағанын тез басып, бойына қуат береді. Балды таңертең және түскі тамақтан бір сағаттай бұрын, кешкі тамақтан соң екі сағаттан кейін жеген жөн. Сонда бал асқазан сөлінің бөліну процесін тежеп, қышқылын төмендетеді, асқазанның қыжылын басады.

– Балдың сұйық және қою түрлерін кездестіреміз. Балдың сұйық немесе қою болуы неге байланысты?

– Таза бал жаздыгүні ғана сұйық түрде болады. Балды шайқап үйшіктен алғаннан кейін түріне байланысты 1 апта немесе 2-4 ай ішінде қоюланып қата бастайды. Таза, қоспасы жоқ бал міндетті түрде қатады.

– Өзіңіз омарташы ретінде осы кәсіпке қызығушылық танытатындарға не айтар едіңіз?

– Ауылдағы жастардың ара ұстауға мүмкіндіктер мол. Аулаға бір-екі үйшік қоюға болады. Қазіргі кезде үкіметтен грант жеңіп алып, омарта шаруашылығын кәсіп ретінде ашуға үлкен мүмкіндік бар. Ара шаруашылығы жалқаулықты ұнатпайды. Сондықтан салаға толығымен кірісіп, оны шынымен жақсы көру керек, соған сай аралар да еңбектің жемісін береді.

– Сұхбаттасқаныңызға көп рақмет!

Сұхбаттасқан: Динара Доспан

Қандай жаңғақтар денсаулыққа пайдалы?

Хабар 24 телеарнасы