386,68 428,91 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтан қаласында үй салу үшін рұқсатты қалай алады

  • 195
  • UPD: 12:44, 07.11.2019
Нұр-Сұлтан қаласында үй салу үшін рұқсатты қалай алады roomester.ru

Елордада ғимарат салу әрдайым өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Үй салу үшін рұқсатты қалай алатыны туралы Нұр-Сұлтан қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімінің бастығы Нұрлан Ұранхаев айтып берді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

«Егер адамның жер учаскесі болса және ол қала құрылысының барлық нормаларына сәйкес келсе, сол жердің иесі құрылысты бастамас бұрын сәулет-жоспарлау тапсырмасын алуы керек. Бұл мемлекеттік қызметті сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімі ұсынады», - деп атап өтті Нұрлан Ұранхаев.

Сонымен қатар бұл мәселе мемлекеттік қызмет туралы болғандықтан, құжатты беру уақыты регламенттелген.

«Егер бәрі сәйкес келсе, мысалы, қызыл сызыққа кірмеген болса, жоспарға сәйкес келсе үй салуға рұқсат алуға болады. Келесі қадам – эскизді жобаны келісу. Бұл да Нұр-Сұлтан қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімінің мемлекеттік қызметіне жатады. Түсіндіруді жеңілдету үшін біз халыққа арнап қайда бару керек және қандай құжаттар қажет екендігі туралы жадынамалар жасадық», - дейді спикер.

Сәулет жоспарлау тапсырмасын алып, алдын ала жобалауды келіскеннен кейін тапсырыс беруші сараптамадан өтіп, құрылысты бастауы керек.

«Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін нысан пайдалануға беріледі. Заңға сәйкес Нұр-Сұлтан сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімінің барлық мемлекеттік қызметтері ақысыз көрсетіледі», - дейді елорданың бас сәулетшісі.

Еске сала кетсек, Нұрлан Ұранхаев 2019 жылдың мамыр айында қаланың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Бұған дейін ол қаланы абаттандырудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы туралы айтқан болатын. Оның айтуынша, астананың бес шартты полиорталықтары дамиды. Олар: ескі алаң аумағы, Бейбітшілік көшесі және Бөгенбай батыр даңғылы, «Еуразия» аумағындағы көшелер, Қосшығұлұлы көшесі, Әзербаев көшесі, Қошқарбаев көшесі және Жүргенов көшелерінің аумағы.

 

Хабар 24 телеарнасы