384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тайғанап құлаудан қалай сақтану керек

  • 258
  • UPD: 15:09, 11.11.2019
Тайғанап құлаудан қалай сақтану керек

Жыл сайын қар жауып, көктайғақ болған кезеңде зардап шеккендер түрлі жарақаттармен травматологиялық пункттерге медициналық көмекке жүгінеді. 

Мұндай күндері қауіп жаяу жүргіншілерге де, көлік жүргізушілерге де төнеді. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары мәлім етті, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің ресми сайты.

Жаяу жүргіншінің тайғақ жолда жүруінің негізгі қағидаты – жан-жағына назар аудару және абай болып жүру.

Сонымен қатар мынадай жағдайларды есте ұстап жүру қажет:

Ең алдымен, аяқ-киімді дұрыс таңдау керек. Тайғақ көшелерге шығар алдындағы өте маңызды қадам. Аяқ киім табаны тегіс, тайғанамайтын материалдан жасалғаны дұрыс, ал бұдырлы беті құлап қалудан сақтайды. Әйел адамдар биік өкшелі, яғни 5 см-ден биік аяқ киімдерді кимегені жөн.

Екіншіден, көктайғақ орындардан жүрген кезде басқа істерге алаңдамау қажет. Мысалы телефонмен сөйлесуден, музыканы тыңдаудан уақытша бас тарту қажет.

Үшіншіден, әрбір қадамыңызға қарап жүру қажет. Аяғыңызды нық басу қажет, бұл ретте тізелеріңіз бос және сәл бүгілген болуы тиіс.

Төртіншіден, қолдарыңыз бос болуы тиіс, қолыңызды қалтаңызға салып алмаңыз. Себебі аяқастынан тайғанап құлайтын болсаңыз қолыңызды шығарып үлгере алмай қаласыз.

Бесіншіден, сатылар бойымен жүрген кезде, қалалық автокөлік аялдамаларында, дүкендерге, үйлердің кіреберістеріне және кеңселерге кірген кезде аса абай болыңыз. Себебі дәл осы жерлерде көбіне тайғанақ болғандықтан, мұзға құлау жиілігі жоғары.

Алтыншы, көшеге шығар алдында маршрутты алдын ала мұқият ойластыру, сондай-ақ  ғимараттардың төбелері бойымен, балкондар астында өтетін жолдарды айналып өту қажет, өйткені бұл орындарда мұз сүңгілері жиі құлайды. Бұдан бөлек, автокөлік жүргізушілері де, көктайғақ күндері абай болуы, жылдамдығын бәсеңдетуі керек. Сол сияқты ара қашықтықты да сақтау ұсынылады, өйткені көктайғақ кезінде тежеу жолы үш есе ұлғаяды. Ұсынылатын қашықтық – араға екі көлік сиятындай болуы шарт.

Құламауға амал қалмағанда не істеу керек?

Егер бойыңызды билей алмайтыныңызды сезсеңіз, бірден еңкейіп отыра қалыңыз, бұл жағдайда жарақат алу ықтималдығы да төмендейді. Бұлшықеттерді барынша босатып, бүйірлеп құлауға тырысыңыз. Ал құлаған кезде қолдарыңызды алға қарай созбаңыз.     

Егер сіз жаяу жүргіншінің мұзда тайғанап құлағанын көрсеңіз, уақыт жоғалтпай, жедел жәрдем шақырыңыз немесе зардап шегушіні жақын жердегі травматологиялық пунктке жеткізіңіз. Жол-көлік оқиғасы кезінде жедел жәрдем келгенше зардап шеккен адамды басқа жерге тасымалдауға үзілді-кесілді тыйым салынады.

Хабар 24 телеарнасы