384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мұстафа Өзтүрік тірі болғанда 65 жасқа толар еді

  • 164
  • UPD: 14:33, 26.11.2019
Мұстафа Өзтүрік тірі болғанда 65 жасқа толар еді juldyz.kz

Мұстафа Өзтүрік тірі болғанда 24 қараша күні 65 жасқа толушы еді.

Әттең, батыр ұлдың ғұмыры қысқа болды. Жарқ етті де сөнді. Бірақ тарихта өшпес із қалдырды.

Мұстафаның біз білетін тегінің пайда болуының өзі қызық. Түркияға қоныс аударған қазақтарға жаңа тек берілгені белгілі. Ондағысы жергілікті халықтың құлағына үйреншікті сөз болсын дегені. Мұстафаның әкесі балуан кісі болған. Мерекелік іс-шаралардың бірінде көпшілік алдында күресіп, танымал жергілікті балуанды алып ұрады. Қазақ жігітінің күшіне таң қалған халық оның нағыз түркінің ұрпағы екендігін айтып, «Бұдан былай Өзтүрік боласың» дейді.

Мұстафа Өзтүрік орта мектепті Ыстамбұл қаласында тәмамдап, 1975 жылы Тайбэй қаласына оқуға аттанған. Сонда Тайвань халықаралық саясат университетінде журналистика мамандығы бойынша бес жыл жоғары білім алады. Таеквондомен де таныстығы университет қабырғасында басталған. Шығыс жекпе-жегінің қолмен де, аяқпен де қатар соққы жасауға болатындығы қатты ұнапты. Ұнағаны соншалық, бұл спорт түрінде қандасымыз алты рет әлем чемпионы атағына қол жеткізіп, жетінші данның қазақтан шыққан тұңғыш иегері атанды. Шәкірт тәрбиелеуді де ұмытқан жоқ.

Кейбір деректер бойынша, Мұстафа Брюс Лимен бір залда жаттығу жасаған екен. Талантына тамсанған танымал актер Мұстафаны өз киноларына түсуге талай рет шақырған көрінеді. Тек Өзтүрік бұл салада тәжірибесінің жоқтығын алға тартып, ұсыныстан бас тартқан.

Кейінірек Өзтүрік түріктің шығыс жекпе-жектері жайлы фильміне түсіп, «Алатай» фильміне сценарий жазған. Сол фильмде басты рөлді сомдаған да өзі.

Бар білгенін бөлісуге асыққан спортшы Германияда жұмыс істеп жүрген жылдары Мюнхенде таеквондо мектебін ашты. Көп ұзамай Ыстамбұл балалары да шығыс жекпе-жегінің әліппесін үйренуге мүмкіндік алды. Айта кетерлігі, сол мектеп шаһардың қазақтар тұратын бөлігінде орналасқан екен. Ал 1990 жылы Мұстафа тарихи отанына қадам басып, көп ұзамай елімізде де таеквондодан алғашқы секция жұмысын бастайды.

«Енді Қазақстанда бауырларым үйренсін деген ниетпен мектеп ашып жатырмыз. Уақытымыз болғанда мұнда жиі келіп тұрамыз. Жақсы спортшыларды шетелге алып кетіп, шеберліктерін шыңдаймыз», – дейді ол «Барып қайт, балам ауылға» деректі фильмінде.

1991 жылы Өзтүрік Қазақстан таеквондо федерациясының негізін қалап, араға екі жыл салып бұл ұйым Бүкіләлемдік таеквондо федерацияның қатарына қосылды. 1995 жылы әскерилер арасында өткен VII әлем чемпионатында оның шәкірттері Кореяға ғана есе жіберіп, командалық есепте екінші орынға тұрақтады.

Өзтүріктің өліміне қатысты да айтылмаған дүние әлі бар секілді. 1995 жылдың 11 наурызында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен кикбоксинг жарысынан соң ол өзін жайсыз сезінеді. Бірден Қазақстан Президенті іс басқармасы медициналық орталығына жатқызылып, 15 наурыз күні Мұстафа Өзтүрік өмірден озды деген қаралы хабар жетті. Жанында жүргендер «спортшы уланған» дейді. Бірақ дәрігерлер оны ресми растаған жоқ. Сондықтан біртуар азаматқа қастындық жасалғаны туралы мәлімет болжам күйінде қалып отыр...

Мұстафа Өзтүріктің жаназасы 17 наурызда Алматы қаласындағы Орталық мешітте өтті. Орталық мешіттен Алматы әуежайына дейін жиналған халық спортшының денесін көтеріп 13 шақырым жаяу жүріп өткен. Алаштың арда ұлы Ыстамбұл қаласында әкесінің жанына жерленді. Ал оның жұбайы мен ұл-қыздары бүгінде Германияда тұрып жатыр.

Мұстафаның өзі өмірден өтсе де, арманы орындалып жатқаны анық. Қазақстандық таеквондошылар әлемдік сындарда тәп-тәуір өнер көрсетіп, қазір сол кореялықтардың алдын орап кетіп жатқан кездері аз емес. Ендеше оның ісін, бастамасын жалғайтын азаматтар барда, Мұстафа Өзтүріктің рухы қазақтың мәңгі жанында һәм жадында қала бермек.

Авторы: Мәдина Асылбек

Хабар 24 телеарнасы