410,33 456,25 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаңа жылға арналған костюмдерді қалай таңдау керек – мамандар кеңесі

  • 856
  • UPD: 11:56, 20.12.2019
Жаңа жылға арналған костюмдерді қалай таңдау керек – мамандар кеңесі

ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті жаңа жылға арналған костюмдерді қалай таңдау керектігі туралы мәлімет жариялады.

«Балаға арналған жаңа жылдық киім тек балаларды қуантып қана қоймай, қауіпсіз де болуы керек. Карнавалдық костюм ретінде ұсынылатын киім, аяқ киім, бас киімдер ең алдымен өзінің функцияларын орындауы тиіс. Жаңа жылдық киім ыңғайлы болуы, қатты ыстықтатпауы және тоңдырмауы, қажамауы, қыспауы керек. Киімді дайындауға пайдаланылатын материал қауіпсіз болуы керек. Оның құрамында синтетика барынша аз немесе табиғи астарының болғаны дұрыс. Егер астары болмаса, костюмнің астына мақта-мата трикотаждан жасалған киімді кию керек. Бұл баланың терісімен жанасқанда жайсыздықты болдырмауға мүмкіндік береді», – деп хабарлады комитет.

Сапалы карнавалдық костюм, оның ішінде масканың бөтен жағымсыз химиялық иісі болмауы, сондай-ақ бояудың, жылтырлақтың іздерін қалдырмауы тиіс.

«Сатып алу алдында костюмнің бетін ақ матамен сүртіңіз. Егер бояу іздері қалса, бұйымның иісі өткір, беті жабысқақ, қауіпсіздікке және киімнің ыңғайлылығына әсер ететін құрылымдық ерекшеліктері (өкшелері өте жоғары, көзге арналған тесік кішкентай, мұрынға немесе ауызға арналған тесіктердің болмауы, элементтері өткір, кескіш) бар болса, сатып алудан бас тартқан дұрыс», – деп кеңес береді.

Бұйым туралы барлық ақпарат, яғни дайындаушының (дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның), импорттаушының атауы мен орналасқан жері, бұйымның атауы мен түрі (мақсаты), дайындалған күні, табиғи және химиялық шикізаттың түрі мен массалық үлесі (пайыздық құрамы), пайдалану процесінде бұйымға күтім жасау ерекшеліктері бойынша белгілері (қажет болған жағдайда), бұйымның өлшемі, теріден жасалған болса терінің түрі және оны өңдеу түрі (боялған немесе боялмаған) көрсетілген таңбасы болған жөн. Сонымен қатар сатушы тұтынушының талабы бойынша өнімнің қауіпсіздігін растайтын тауарға ілеспе құжаттамамен (сәйкестік сертификаты, сәйкестік туралы декларациясымен) таныстыруға міндетті. Бұл құжаттар мөрмен расталуы тиіс.

«Комитет өнімнің қауіпсіздігіне жүзел асырылатын мониторинг шеңберінде 2019 жылдың 11 айында балалар мен жасөспірімдерге арналған киімнің және аяқ киімнің 1545 үлгісін сатып алды және зерттеді, оның ішінде «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентінің (бұдан әрі – 007/2011 КО ТР) талаптарына сәйкес келмейтін 889 сынама анықталды, бұл 57,5%-ды құрады. Оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 253 (16,4%), басқа елдердің 611 (39,5%), отандық 25 (1,6%) өнім бар», – делінген комитет таратқан хабарламада.

Ақпарат көзі: ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы