375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Зейнетақы қорындағы ақшаны қашан пайдалануға болады?

  • 325
  • UPD: 16:08, 25.12.2019

Үкімет зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану туралы ұсынысты әзірлеп бітті. Енді оны Президент қарауына жібереді.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты. Әзірге қордағы қаржаттың нақты кімдерге берілетіні белгісіз. Түпкілікті шешімді мемлекет басшысы қабылдайды. Үкімет мүшелері арнайы есеп-қисап жүргізген екен. Айтуларынша, қазір зейнетақы қорында 10 трлн теңгеден аса қаражат бар. Орта есеппен әр салымшы қорға 1 млн теңгеден құйған. Ақшаны беретін кезде салымшыларға белгілі бір талап қойылмақ. 

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Үкімет жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар барлық есеп-қисапты жүргізді. Отандастарымыз зейнетке шыққанда, олардың шотында 11-12 млн теңге болуы керек. Біздегі адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы – 75 жас. Яғни зейнетке шыққанда шотында жиналған ақшаның кемінде 40 пайызы сақталуы тиіс. Біз өз ұсынысымызды әзірледік, енді оны Президенттің қарауына жібереміз. Нақты шешімді мемлекет басшысы қабылдайды.

Келесі жылдан бастап еліміздегі шетелдік мигранттарға берілетін квота саны 49 мыңнан 29 мыңға дейін қысқарады. Бердібек Сапарбаев Президент тапсырмасын орындау үшін үкімет нақты шаралар қабылдауға әзір екенін жеткізді. Енді шетелдік компаниялар қазақстандық жұмысшыларды оқытып, олардың тәжірибесін арттыруға ат салысатын болса ғана, өзге елден жұмысшылар әкелуіне рұқсат беріледі. Мұндағы мақсат – жергілікті жұмысшылардың біліктілігін арттыру, олардың шеберлігін шыңдау. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мүгедектерді жұмысқа қабылдаудан бас тартқан компаниялар енді қатаң түрде жазаланады деді.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

 - Қазір елімізде 690 мың мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Олардың 224 мыңы жұмысқа жарамды. Бірақ осы күні 106 мың кембағал ғана қызметке қабылданған. Қалғандары жұмыссыз. Сондықтан оларды қызметпен қамту үшін осындай шара қолданамыз. Мәселен, Канадада мүгедектерді жұмысқа алмаса компаниялар мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын тендерлерге қатыса алмайды. Ал Германия мен Жапонияда мүгедектерге өтемақы төлеуге міндеттейді. Біз осындай тәжірибелерге сүйенуді көздеп отырмыз.

Хабар 24 телеарнасы