376,52 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көлік айдауды жаңадан үйренген жүргізушілер нені білуі керек

  • 414
  • UPD: 15:26, 17.01.2020
Көлік айдауды жаңадан үйренген жүргізушілер нені білуі керек

Елімізде автомобильдер саны жыл сайын артып келеді. Сәйкесінше көлік жүргізуді жаңадан үйренген жүргізушілер қатары да көбеюде.

Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков көлік жүргізуді енді үйреніп жүрген жүргізушілерге нені білуі керек екендігі туралы айтып берді.

Айтуынша, шетелдерде жүргізуші куәлігін алу тәртібі қатаң. Мысалы Испанияда көлікті жаңадан жүргізіп жүргендерге арналған арнайы жүйе бар.

«Жаңадан көлік айдап жүргендер жүргізуші куәлігін алғаннан кейін, белгілі бір уақытқа дейін сағатына 60-80 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен күндізгі уақытта ғана жүреді. Оның өзінде кейбір жағдайларда көлікке арнайы белгі жапсырылып, жүргізушінің жанында жүргізуші куәлігі бар адам отырса ғана жүруге құқылы. Одан кейінгі кезеңде басқа типтегі белгі жапсырылады. Сонда ғана көлік жүргізуші белгілі бір жылдамдықтан асырмай жалғыз өзі жүре алады. Егер барлық қойылатын талаптар сақталып, жүргізуші сынақ мерзімінен сәтті өткенде ғана оған толықтай жүргізуші куәлігі беріледі», - дейді сарапшы.

Сондай-ақ шетелде арнайы курстарға бармай-ақ өз бетінше дайындалып теориядан емтихан тапсыруға болады. Бірақ көлік айдауды практикалық тұрғыдан үйрену тек нұсқаушының көмегімен жүзеге асырылады.

Сарапшының айтуынша, мұндай көп деңгейлі оқыту жүйесі аса маңызды болып саналады және теорияны практикамен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Сарапшы көлікті енді жүргізіп жүргендере автомобильдің құрылымы туралы жалпы түсінікке ие болуы керек екенін, бірақ көлік құралының барлық бөлшектерін жатқа білудің қажеті жоқ екенін айтып өтті.

«Менің ойымша, кейбір негізгі нәрселерді білуі керек. Егер автомобиль оталмай қалса не істеу керек, сорғыштың астында не бар, аккумулятор қайда, сақтандырғыштар қайда орналасқан, қозғалтқыштағы май деңгейін қалай тексеруге болатынын, тежегіштер мен жарықтар қалай жұмыс істейтінін т.б. білген жөн», - деді Эдоков.

Сонымен қатар жүргізушілерге қажетті техникалық қызмет көрсету мерзімдері туралы ұмытпау керек екенін айтты.

Эдуард Эдоковтың айтуынша, көлік жүргізуді жаңадан үйреніп жүрген жүргізуші басқалар оның тәжірибесіз екенін біліп, түсіністікпен қарауы үшін «У» белгісін көлікке жапсырып қоюы қажет. Сондай-ақ тәжірибесіз жүргізушілер жолдың оң жақ қатарында жүргені жөн екенін ескертті.

Сонымен қатар көлік жүргізудің негізгі шарттарының бірі жол ережелерін жақсы білу болып табылады.

Дайындаған: Д.Доспан

Хабар 24 телеарнасы