425,99 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мамандар елордада қай кезде ауа сапасы қауіпті болатынын айтты

  • 434
  • UPD: 16:55, 05.02.2020
<span class=favorites>Мамандар елордада қай кезде ауа сапасы қауіпті болатынын айтты</span> Хабар 24

CABAR (Central Asian Bureau for Analytical Reporting) Орталық Азия елдеріндегі ауаның қаншалықты қауіпті екендігі жайлы дата-материал жариялады.

Онда бас қаладағы ауа сапасы тәуліктің мезгілі мен аптаның күндеріне байланысты өзгеріп отыратыны мәлімделген. Яғни мұнда келтірілген деректер бойынша елордада таңғы сағат 8:00 мен 10:00 арасында, сондай-ақ кешкі 18:00 мен 01:00-ге дейінгі уақыт адамдардың тыныс жолдары үшін аса қауіпті шақ саналады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормасы бойынша ауадағы РМ2.5 бөлшектердің бір күндегі орташа деңгейі 25 мкг/м3-ден, ал бір жылдағы орташа деңгейі 10 мкг/м3-ден аспауы тиіс. РМ2.5 бөлшектер деп отырғанымыз – көбінесе мәшиненің резеңке доңғалақтары, асфальт, көмір, күйенің уақ бөліктерінен түзілетін ауа ластағыштар. Әдетте PM2.5 мөлшері қараша мен наурыз айларының аралығында, яғни жылу беру кезеңінде көтеріледі. Мысалы, былтырғы ақпанда астанада PM2.5 мөлшері 273,58-ке дейін жоғарылаған, бұл қалыпты тәуліктік көрсеткіштен 11 есе көп. Ал жылдық орташа мөлшер бекітілген нормадан екі жарым есе артық.

Ауадағы PM2.5 деңгейі 35.5 мгк/м3-ден артқанда балалар, қарттар және науқас адамдардың денсаулығына кәдімгідей қауіп төнеді. Ал 55.5 мкг/м3-ден асқан жағдайға жеткенде барлық тұрғын арнайы респиратор киіп, далада барынша аз жүргені жөн. Респиратордың қорғаныс дәрежесі N95 немесе одан көп болғанын қадағалау керек. Медициналық маскалар PM2.5 бөлшектерін сүзгіден өткізуге жарамсыз. Сондай-ақ экологтар үйге НЕРА (High Efficiency Particulate Air) фильтрлері бар ауа тазалағыш орнатып қоюға кеңес береді, өйткені тек солар ғана ауа құрамындағы улы бөлшектерді жоя алады.

Хабар 24 телеарнасы