432,55 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қаржылық алаяқтардың жүзеге асырғысы келетін бес әдісі

  • 259
  • UPD: 18:17, 20.03.2020
Қаржылық алаяқтардың жүзеге асырғысы келетін бес әдісі

Қазақстанның бүкіл аумағында төтенше жағдай енгізілуіне байланысты көптеген банктер мен компаниялар қашықтан жұмыс істеу режиміне өтіп, қазақстандықтар көп жағдайда онлайн-төлемдер жасауда.

Бұл жағдайды қаржылық алаяқтар пайдалануы мүмкін, деп хабарлады ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі.

Агенттіктің айтуынша, алаяқтар түрлі алаяқтық схемаларын әзірлеп, іске асыруы мүмкін. Fingramota.kz қазақстандықтар ұшырауы мүмкін алаяқтықтың бес түрін атап көрсетті.

1. Дәрі-дәрмек сататын жалған сайттар

Медициналық маскалар мен дәрі-дәрмектер сататын банктердің және басқа ұйымдардың, интернет-дүкендер мен дәріханалардың фишинг сайттарын жасауға байланысты болуы мүмкін. Пайдаланушыларға олардың төлем карталарының конфиденциалды деректерін енгізу ұсынылады. Оның нәтижесінде картадағы ақша сомасынан айырылып қалу немесе жеткізілмейтін тауар үшін қаражат төлеп қою қаупі бар.

2. Қаржы ұйымының қызметкері ретінде хабарласу

Алаяқтар өздерін қаржы ұйымының қызметкеріміз деп таныстыра отырып, азаматтарға алып-сатарлық мақсатта валюта сатып алу үшін төмен пайыздық мөлшерлемемен ірі сомаға кепілсіз несиелер ресімдеуді ұсынуы немесе төтенше жағдайлар уақытында өсімпұлдар мен өтеу мерзімі өтіп кетпейді деп уәде беруі мүмкін.

3. Салымдар бойынша жоғары пайыздар ұсыну

Алаяқтар сондай-ақ салымдар бойынша жоғары пайыздар болады деп уәде бере отырып, әлеуметтік желілерде жарнама науқанын іске қосуы немесе WhatsApp желісінде таратуы мүмкін. Өз ақшаңызды күмәнді ұйымдарға сеніп тапсырмаған жөн.

4. Коронавирусқа байланысты жалған қайырымдылық

Кейбір елдерде алаяқтар коронавирус жөнінде ақпарат бар электрондық хаттар таратады. Онда дербес деректерді енгізу немесе банк операцияларын жүргізу қажет болатын әртүрлі сілтемелер көрсетіледі. Осылайша, алаяқтар пайдаланушылардың жеке төлем деректерін алу үшін зиянды салынымдар алуды ұсынады. Мысалы, киберқылмыскерлер пайдаланушыларға инфекциямен күресу үшін қайырымдылық жасауды ұсынады және дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хатын жібереді. Осылайша, төлем карталарының деректерін алады.

5. Медициналық қызметтер ұсыну

Ауырып қалған туысқандардың сенгіштігін пайдалана отырып, онлайн-төлем арқылы түрлі медициналық қызметтерге ақы төлеуді ұсынуы мүмкін. Бұл үшін олар телефон бойынша ақшаны есептен шығаруға арналған мынадай ақпаратты талап етеді: ЖСН, картаның деректері, SMS-хабарламадан код.

       Алаяқтықтан қорғану үшін мынадай бірнеше қарапайым қағидаларды сақтау керек:

1. Ешкімге ешқашан құпиясөздерді, кодтарды немесе төлемдерді растау үшін пайдаланылатын өзге де конфиденциалды деректерді айтпау;

2. URL-мекенжайларын және бейтаныс жіберушілерден алынған сілтемелерді тексеру. Алаяқтар көбінесе ұқсас доменді пайдаланады;

3. Конфиденциалды ақпаратты, мысалы құпиясөз енгізуді қажет ететін сайтарда HTTPS:// префиксінің болуын тексеру;

4. Заманауи браузерлердің көбі көпшілік фишинг-шабуылдарға қарсы іс-қимыл тетіктерінен тұрады. Қауіп-қатер туралы браузердің хабарламасына назар аудару қажет;

5. Егер өз банкіңіздің интернет-банкингі жүйесінде төлемдер жасауға ниеттеніп, бірақ ұйымның сайты немесе парақшасы фейк болып табылатын-табылмайтындығына күмәндансаңыз, осы ұйыммен байланысып, ақпаратты нақтылаған жөн. Банктік менеджерлер тұтынушыға бірінші болып қоңырау шалмайды, сондықтан егер қоңырау шалып, шоттағы түсініксіз транзакцияларды бұғаттау үшін SMS кодын сұраса, телефонмен сөйлесуді тоқтатып, қызметке көрсететін банкке хабарласу керек.

Әлеуметтік желілердегі алаяқтардан қалай қорғануға болады

Қауіпсіздік үшін қандай құпиясөздерді таңдаған жөн

Ең сенімсіз құпиясөздер тізімі жарияланды

Хабар 24 телеарнасы