414,13 452,15 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Карантин уақытын қалай тиімді өткізуге болады – журналистер кеңесі

  • 188
  • UPD: 00:02, 10.04.2020

Карантин уақытын әркім әр қалай өткізеді. Бірі үй шаруасымен айналысса, енді бірі кітап оқып, өзін рухани байытуға ден қойған, деп хабарлайды «Хабар 24»

24 сағат үйде отырған қыз-келіншектер отбасы мүшелерін дәмді тағамдарымен  қуантса, бірі кесте тігіп жатыр. «Бір қолымен бесікті, ал бір қолымен әлемді тербеткен» сұлулар алтыннан да қымбат уақытты тиімді пайдаланудың түрлі әдіс-тәсілдерін әлеуметтік желіде жарыса жариялап жатыр.

Төтенше жағдай кезінде үйде отырып, уақытын тиімді пайдаланып жүргендердің біразы, қашықтан білім алып жүрген мектеп оқушылары, студенттер және оларға білім беріп жүрген мұғалімдер қауымы. Олар қазір заманауи техниканың жаңа мүмкіндіктерін игеріп, білім көкжиегін кеңейтеді. Шыңғысбаевтар отбасында екі мектеп оқушысы, студент және мұғалім аналары бар. Олар күні бойы бос емес. Бірақ кешке дәмді ас дайындап, музыкамен айналысуға да уақыт табады. Әсіресе, бұрындары Алматының кептелісінде жолға  кететін уақытын, енді кітап оқуға арнадым дейді, бірінші курс студенті Балнұр Шыңғысбай.

Балнұр Шыңғысбай, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының 1-курс студенті

– Қашықтан оқудың нәтижесінде бос уақытым көбейді. Отбасымызбен уақытты көп бірге өткізетін болдық. Тіпті, өзіміздің сүйікті істерімізге де уақытты арнауға мүмкіндік туды. Мысалы, мен көптен бері армандап жүрген Лев Толстойдың «Анна Каренина» шығармасын оқу үстіндемін. 

Кітап демекші, әріптесіміз Әлия Махамбетқызы қазір балаларымен үйде отырған ата-аналарға Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты туындысын оқып, ұйықтар алдында балаларға қазақ тілінде ертегі айтып беруді ұсынады. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ отбасыларының ана тілінде еркін сөйлеп, ойын еркін жеткізуін насихаттайды.  Бұрындары «Бала сырттан үйреніп келеді, достары  солай сөйлейді» деп сылтау айтсаңыз  енді 24 сағат балаңыздың қасындасыз. Сондықтан  ұлтымыздың мың бояулы тілін өзіңіз де жетік меңгеріп, баламен тек қазақ тілінде сөйлесіп көріңіз дейді, ол.

Әлия Махамбетқызы, журналист:

– Егер сіз балам ана тілінде еркін сөйлесің десеңіз, түсінгенін қиналмай айтсын десеңіз, алдындағы суретті мүдірмей сипаттап берсін десеңіз, алдымен өзіңізден бастаңыз. Өйткені ата-ана  балаға үлгі болатын тұлға.

Көздің жауын алатын мына туындылар, журналистің қолынан шыққан десем, сенесіз бе? Телеарна редакторы Қымбат Сарыбайқызы қазір қашықтан жұмыс істейді. Бірақ ол да бекер отырмай, осыдан 10 жыл бұрын бастаған ермегін қайта қолға алыпты. Кесте тігу алдымен сабырлыққа үйретеді деген ана бұл өнерін қыздарына да үйретуде. Себебі кесте тігу бүгінгінің бір орында отырмайтын балаларын төзімділікке, сабырлы болуға баулиды дейді, Қымбат.

Қымбат Сарыбайқызы, журналист:

– Кесте негізі адамның жүйке жүйесіне жақсы әсер етеді, яғни тыныштандырады. Сізді жаман ойлардан арылтады. Жалпы, кез келген қолөнер қыз-келіншектер үшін күш-қуат беретін, энергия, позитив беретін қасиеті бар. Сондықтан да мен кесте тігемін.

Әрбір істің қайыры бар дегендей, бұл карантин уақыты әдетте күйбелең тіршіліктен қолы босамайтындарды бір сәтке саябырсып, өзіне, отбасына көңіл бөлуге берілген мүмкіндік шығар. Сіз де осы сәтті  жіберіп алмаңыз.

Авторы: Алуа Маханбет

Хабар 24 телеарнасы