423,81 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Кемсіту фактілеріне жол берген жұмыс берушілер жауапқа тартылады

  • 575
  • UPD: 15:51, 30.04.2020
Кемсіту фактілеріне жол берген жұмыс берушілер жауапқа тартылады

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы Қазақстан Республикасының 2010 - 2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес, әлеуметтік әріптестермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленді және еңбек қатынастарын, әлеуметтік әріптестікті, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды реттеуге бағытталған.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, қазіргі уақытта тең еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеу бойынша кемсіту фактілеріне жол бергені үшін әкімшілік жауапкерлік заңнамалы түрде жоқ. Осыған байланысты заң жобасында жұмыскердің лайықты еңбек және тұрмыс жағдайларына құқығын белгілеу әрі әкімшілік заңнамаға тең еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеу бойынша кемсіту фактілеріне жол бергені үшін жұмыс берушілерді жауапкершілікке тартуға негіздеме енгізу ұсынылады.

«Қолданыстағы Еңбек кодексі бойынша жұмыскердің әскерге шақырылуы еңбек шартын тоқтатуға негіздеме болып табылады. Осыған байланысты мерзімді әскери борышын өтеп жүрген азаматтардың жұмыс орынын сақтау, сондай-ақ оларға жалақысы сақталмайтын демалыс беру бойынша жұмыс берушінің міндеттерін бекіту ұсынылады. Бұл ретте жұмыскердің әскерден қайтып келген күннен бастап бір айдың ішінде өз жұмысына кірісу міндеті бекітіледі», - деді министр.

Айтуынша, бүгінде жалақысы сақталмайтын демалыс тараптардың келісуі бойынша беріледі. Алайда отбасының науқас мүшесінің күтімі бойынша ұзақ демалыс қажет болған кезде жұмыскерлер жалақысы сақталмайтын демалыс ала алмай, соның салдарынан жұмыстан шығуға мәжбүр болып жатады. Осы орайда медициналық қорытындыға сәйкес, күтімді қажет ететін отбасы мүшесіне күтім жасау үшін жұмыскерлерге толық емес жұмыс уақыты режимін енгізу ұсынылады.

«Келіссөздер жүргізу және ұжымдық шарттарға қол қою барысында барлық жұмыскерлердің пікірін ескеру мақсатында, кәсіподақ мүшелері болып саналмайтын жұмыскерлердің мүдделерін білдіру бойынша сайланбалы өкілдердің өкілеттігін бекіту жоспарлануда. Бұдан бөлек жеке еңбек дауын реттеудің сотқа дейінгі тәртібін нақтылау мақсатында жұмыс берушіге келісім комиссияларын құруды міндеттеу ұсынылады», - деді Б. Нұрымбетов.

Аталған заң жобасы аясында еңбек шарттарын жасасу және есепке алу процесін автоматтандыру мақсатында «еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» деген ұғым енгізіліп отыр.

Хабар 24 телеарнасы