432,62 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Балабақшалардың нақты қай уақытта жұмыс бастайтыны ТЖ аяқталғаннан кейін белгілі болады

  • 331
  • UPD: 17:56, 04.05.2020
Балабақшалардың нақты қай уақытта жұмыс бастайтыны ТЖ аяқталғаннан кейін белгілі болады

Төтенше жағдай режимінен кейін жұмысын қашан бастайтыны айқындалатын елордалық балабақшаларда кезекші топтардың режим алгоритмі бекітілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың айтуынша, осы жылдың 18 наурызынан бастап елордадағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының бәрі меншік нысанына қарамастан қызметін тоқтатқан. Жалпы астанада 55 708 бала бар әртүрлі үлгідегі 377 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. «Балабақша қызметкерлері мен меңгерушілеріне өз қалауы бойынша ақылы еңбек демалысы берілді. Меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі ұйым төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржыландырумен толық қамтамасыз етілген. Мектеп жасына жеткен балаларды балабақшадан шығару жыл сайын 1 тамызға дейін, сондай-ақ балаларды жас ерекшеліктеріне байланысты бір топтан келесі топқа ауыстыру осы жылғы 1-31 тамыз аралығында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Қазақстанда төтенше жағдай режимі мен карантин енгізілуіне байланысты мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін тоқтатылды», - деді Шолпан Қадырова бүгін өткен баспасөз мәслихатында.

Басқарма мектепке дейінгі ұйымдардағы босаған орындар мен түлектердің санына мониторинг жүргізіп отыр. Жинақтау мерзімі туралы шешім төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін қабылданады.

«Мектепке дейінгі ұйымдар өз жұмысын бастау үшін Денсаулық сақтау министрлігі нысандарды пайдалануға беру тәртібі мен ережелерін әзірлеуде. Бұл құжатта нысандарда санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау нормалары, сондай-ақ мектепке дейінгі балалар ұйымдарының кезекші топтарының режим алгоритмі көрсетіледі. Балабақшалардың нақты қай уақытта жұмысын бастайтыны төтенше жағдай аяқталғаннан кейін белгілі болады», - дейді ол.

Хабар 24 телеарнасы