419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік қызметтері мобильді қосымшада қолжетімді болады

  • 444
  • UPD: 12:29, 07.06.2020
Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік қызметтері мобильді қосымшада қолжетімді болады

2020 жылдың соңына дейін Қорғаныс министрлігі құрылымдық бөлімшелері көрсететін мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі халыққа eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді болады.

Азаматтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру шеңберінде Қорғаныс министрлігі 2019 жылы халыққа көрсетілетін 14 мемлекеттік қызметтің 13-ін электронды форматқа көшірді.

Мемлекеттік қызметтерді көрсетуді одан әрі цифрландыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша жою, электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсетуді танымал ету үшін ағымдағы жылдың соңына дейін Қорғаныс министрлігі Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамымен өзара әрекеттесе отырып, «Электронды үкімет» порталының мобильдік қосымшасы арқылы смемлекеттік қызмет көрсетудің сегіз түрін іске асыруды жоспарлап отыр.

Жыл соңына дейін қазақстандықтар үйден шықпастан смартфон арқылы әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәлікті, запастағы офицерлерге, сержанттарға, сарбаздарға арналған әскери билеттерді немесе олардың дубликаттарын ресімдей алады деп күтілуде. Сонымен қатар жылдам әрі қауіпсіз түрде әскери қызмет өткергенін растау туралы, азаматтың әскери қызметке қатысы туралы анықтамаларды, сондай-ақ жеңілдік санаттарындағы азаматтарға анықтамалар алуға болады. Олар Ұлы Отан соғысының, Чернобыль атом электростанциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысушылар және интернационалист-жауынгерлер.

Тізімге сондай-ақ азаматтарды әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау, әскери міндеттілер мен шақырылушыларды әскери есепке қою немесе одан шығару, сонымен қатар Қарулы Күштердің қызметтік тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілерін есепке қою жөніндегі қызметтер кіреді.

2019 жылы Қорғаныс министрлігі 310 112 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның 290 мың 460-ы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» филиалдары арқылы, 10 239-ы қағаз құжаттар арқылы әскери бөлімдер мен мекемелерде, 9 413-ы «Электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық түрде жүзеге асырылды.

Басты мақсат әрбір адамның мемлекеттік органдар мен мекемелерге бармастан немесе қағаз құжаттарды қолданбастан «жылдам және онлайн» қағидасымен мемлекеттік қызметті алуы болып табылады.

Хабар 24 телеарнасы