Бүгін ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев халыққа есеп беру кездесуінде egov.kz порталынан QR-код арқылы алуға болатын мемлекеттік қызметтердің тізімін жариялады.
Министрдің айтуынша, QR-код арқылы алуға болатын қызметтерді осы айда ұсыну үшін техник мамандар жұмыс істеуде. QR-код арқылы алуға болатын алғашқы мемлекеттік қызметтер:
– некені тіркеу;
– баланың тууын тіркеу;
– балабақша кезегіне қою;
– заңды тұлғаны тіркеу;
– салық есебін қабылдау (250 форма).
«Бұл қызметтерді компьютер арқылы алу барысында ЭЦҚ-ға қол қою кезінде QR-кодты сканерлеп, қызметті eGovMobile қосымшасы арқылы алуға сұрау жіберуге болады. Ол үшін компьютеріңізге ЭЦҚ-ны пайдалану үшін қосымша бағдарлама орнатудың қажеті жоқ», - деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.
Осылайша, азамат eGov.kz порталынан қызметтерді алу барысында «QR-code арқылы қол қою» функциясын таңдай алады. Содан соң eGovMobile қосымшасын пайдаланып, мониторда пайда болған кодты сканерлейді.
Осы айдың соңында кейбір қызметтерді QR-код арқылы алу мүмкіндігі іске асырылады. Алдағы уақытта QR-кодтың көмегімен алуға болатын қызметтердің қатары көбейеді.
«eGovmobile» қосымшасы AppStore және PlayMarket платформаларында бар. Сондай-ақ аталған мобильді қосымшада сұранысқа ие қызметтер мен сервистердің 60 түрі қолжетімді. Азаматтың жеке куәлігі секілді цифрлық құжаттары да енгізілген. Мобильді қосымшаны толыққанды пайдалану үшін ЭЦҚ-ның болуы шарт және мобильдік азаматтар базасында тіркелуіңіз керек.
ЭЦҚ-ны қашықтан алу және мобильді азаматтар базасында тіркелу үшін мына сілтемеге өту керек.