429,75 508,70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Студенттер мен бала күтімінде отырған әйелдер 42 500 теңге ала ма

  • 711
  • UPD: 16:33, 16.07.2020
Студенттер мен бала күтімінде отырған әйелдер 42 500 теңге ала ма

Студенттер мен бала күтімінде үйде отырған әйелдер 42 500 теңге төлене ме?

Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ОКҚ брифингінде түсіндіріп берді.

«42 500 теңге төлеуде студент немесе бала күтімінде отырған әйел деген санат жоқ. Яғни, студентке студент болғаны үшін 42 500 теңге төленбейді. Өткен жолы да солай болған. Сондықтан студент жалданып жұмыс істеп жүріп ақысыз демалысқа шықса, жұмысы шектелсе, оның 42 500 теңге алуы үшін жұмыс берушісі өтініш береді. Егер ол жеке кәсіпкер болса немесе тұрақты ай сайын Бірыңғай жиынтық төлемді төлеп жүрген кәсіпкер болса және жұмысы тоқтап қалса, 42 500 теңгені ала алады. Ал осы күнге дейін ешқандай жерде тіркеуде болмай, ресми жұмыс істемей, бейресми жұмыс істедім деп, өткен жолы бір рет ғана БЖТ төлеген студенттер 42 500 теңгені ала алмайды», - деді министр.

Оның себебін заңнама бойынша студенттер экономикалық белсенді халықтың қатарына жатпайтындығымен түсіндірді. Сондықтан студенттер заң бойынша жұмыссыз ретінде танылмайды.

Бала күтімінде отырған әйелдерге төлем беріле ме?

«Бала күтімінде жүрген әйел адамдар үшін бұл төлем өзгеріссіз қалатын болды. Өткен жолғыдай болады. Ол дегеніміз, біріншіден, бала бір жасқа толғанша мемлекеттен жәрдемақы немесе Сақтандыру қорынан жәрдемақы алып жүреді. Сондықтан бір жасқа толғанша 42 500 теңгеге үміттене алмайды. Бала бір жастан асса, өзінің жағдайына байланысты болады. Егер жұмысқа шығып, төтенше жағдайға байланысты жұмысы шектеліп, ол кісіні ақысыз демалысқа жіберсе, 42 500 теңге ала алады. Егер оның өзінің жеке кәсіпкерлігі болса немесе тұрақты түрде БЖТ төлеп жүріп, қазір оның жұмысы тоқтап қалса да төлемді ала алады. Өткенде төтенше жағдай кезінде бір рет БЖТ төлеп, бейресми түрде жұмыс істеп жүргенін растаған әйелдер де бұл жолы өтініштерін берсе, 42 500 теңге алады», - деп түсіндірді.

Хабар 24 телеарнасы