426,25 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Құқық қорғау органдарына жұмысқа алу тәртібі өзгерді

  • 238
  • UPD: 22:29, 24.08.2020
Құқық қорғау органдарына жұмысқа алу тәртібі өзгерді

Құқық қорғау органдарына қызметке қабылдаудың жаңа тәртібі жарияланды, деп хабарлайды Бас прокуратураның ресми сайты.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Бас прокуратура құқық қорғау органдарымен бірлесіп, шет елдердің озық тәжірибесін ескере отырып, прокуратура органдарына, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеу қызметіне кадрларды іріктеу мен даярлаудың бірыңғай тәсілін әзірледі.

Бұрын әрбір орган қызметке кіру үшін кадр резервін дербес қалыптастырды (конкурс, резервке қабылдау, кандидаттарды іріктеу, қызметке қабылдау, кадрларды орналастыру). Қазір заңнамадағы өзгерістерге сәйкес («Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 11-бабы) құқық қорғау қызметіне кірудің міндетті шарты ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында бастапқы кәсіптік даярлықтан өту болады. Академияға түсу үшін жоғарғы білімнің болуы, моральдік-психологиялық, медициналық талаптарға сәйкестігі, әшкерелейтін мәліметтердің болмауы қажет.

Іріктеудің негізгі кезеңдері: тестілеу, әңгімелесу, медициналық және психофизиологиялық куәландыру, полиграфологиялық зерттеу және емтихан тапсыру.

Академияда прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және ЭТҚ органдарының қатардағы, кіші және орта басшы құрам лауазымдарына алғаш рет түсетін адамдар оқи алады.

Оқу екі кезеңнен тұрады: Академияда оқу және құқық қорғау органдарының бөлімшелерінде тағылымдама.

Прокуратура органдарына кандидаттарды кәсіби даярлау мерзімі 1 жыл (6 ай оқу және 6 ай тағылымдама), сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және ЭТҚ кандидаттары үшін 6 ай (5 ай оқу және 1 ай тағылымдама).

Академияда оқуға профессорлық-оқытушылық құрамнан басқа қолданыстағы практиктер, шетелдік сарапшылар, құқық қорғау органдарының ардагерлері тартылатын болады. Оқу кезінде білім алушылар ай сайынғы стипендиямен, тамақпен және тұрғын-жаймен қамтамасыз етіледі. Оқуды сәтті аяқтағанда бір мезгілде бірінші сыныптық шен немесе біліктілік сыныбы беріле отырып, сынақ мерзімінсіз лауазымға тағайындалады.

Азаматтар алғашқы кәсіби даярлыққа іріктеу тәртібімен Кадрлық дамыту басқармасы бастығы орынбасарының сұхбатынан және Бас прокуратураның ведомстволық сайтынан толығырақ таныса алады.

Кәсіптік даярлыққа іріктеудің басталу мерзімі 2020 жылғы 24 тамыздан 24 қыркүйекке дейін.

Хабар 24 телеарнасы