420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада көлік карталарын жасату мен қайтадан шығару қымбаттайды

  • 192
  • UPD: 22:29, 27.08.2020
Елордада көлік карталарын жасату мен қайтадан шығару қымбаттайды

Елордада 1 қыркүйектен бастап мектеп, жеңілдігі бар және азаматтардың барлық санаттары үшін көлік картасын жасату және қайта шығару бағасы 500 теңге болады, деп хабарлайды CTS компаниясы.

Компания мәлімдеуінше, қымбаттау картаны шығаруға жұмсалатын материал құнының артуына байланысты болған.

«Көлік картасының бағасы оны дайындау кезіндегі доллардың теңгеге шаққандағы бағамына, көп деңгейлі сақтау жүйесі бар NXP чипін қолдануда, пайдаланылатын жабдықты жөндеу және техникалық қамтамасыз етуге кететін шығынға, тіркелу, фотосурет секілді басқа да мәліметтерді енгізу үшін жұмсалатын шығыннан құралады» делінген хабарламада.

Бұған дейін сатып алынған карта жарамды және оны ауыстырудың қажеті жоқ.

«Жолақысын төлеудің электронды жүйесі 2016 жылы енгізілген. Көлік картасының бағасы 400 теңге деңгейінде бекітілді. Ол бірнеше девальвация кезінде де өзгерген жоқ» делінген хабарламада.

Бүгінде елордада қоғамдық көлікте жолақысын түрлі тәсілмен төлеуге болады. Көлік картасы, SMS жіберу арқылы, QR кодты сканерлеу арқылы, мобильді қосымшада көлік кодын енгізу арқылы, банк картасымен, сондай-ақ биометрикалық мәліметтерді пайдалану арқылы.

«Осы күнге дейін шығарылған көлік карталарының саны 2 млн жетті. Солардың ішінде елордада және қала маңында тұратын 155 мыңдай азамат жеңілдігі бар көлік картасымен қамтамасыз етілген. Жеңілдігі барлар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Сондай-ақ 200 мыңнан астам оқушыға атаулы көлік картасы берілген. Нұр-Сұлтан қаласында және қала маңында тұратын және оқитын 18 жасқа толмаған балалар үшін қоғамдық көлікте жол жүру тегін. Мектеп көлік картасымен валидацияны міндетті түрде жасау керек.

Еске сала кетсек, елордада 28 тамыздан бастап автобус сағат 23:00-ге дейін жүре бастайды.

Хабар 24 телеарнасы