432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге өтінімдер қаралуда

  • 126
  • UPD: 16:34, 14.10.2020
Елорда сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге өтінімдер қаралуда

Нұр-Сұлтанда «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге өтінім қабылдау аяқталды.

Нәтижесінде кезек күту тізімінен елорда әкімдігінің тұрғын үй қорына 4635 өтініш түсті, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

«Өтініштер 28 қыркүйектен 7 қазанға дейін zhilfond.kz сайтында электронды форматта қабылданды. Қабылдау кезеңінің нәтижесінде 4635 өтініш келіп түсті. Оның 2030-ы білім саласы қызметкерлерінен, 723-і денсаулық сақтау, 209-ы мәдениет, 84-і спорт, 668-і әлеуметтік қорғау, 613-і полиция департаменті, 308-і төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері», – деді брифинг барысында Нұр-Сұлтан әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ түгендеу және есепке алу бөлімі басшысы Марта Әлниязова.

Барлық өтініш берушілер мына санаттар бойынша кезекте тұр: «мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері», «көп балалы аналар, көп балалы отбасылар», «апатты үй», «халықтың әлеуметтік осал топтары» (мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, мүгедектерге және ҰОС қатысушыларына теңестірілгендер, 1 және 2 топ мүгедектері, созылмалы аурулармен ауыратын адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер, оралмандар және толық емес отбасылар).

Бүгінде келіп түскен өтініштер қаралуда. Бағдарламаға қатысушыларды іріктеу кезекке қойылған күнге сәйкес жүзеге асырылады. Тұрғын үйді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы тұрғын үй комиссиясы бөледі.

Тілендиев даңғылында, Сарыбұлақ бойында орналасқан «Жаңа Қоныс» тұрғын үй кешенінен және С.Торайғыров көшесінде орналасқан «Замечательный»тұрғын үй кешенінен 224 пәтерді жалға беру жоспарланған.

Әлеуметтік тұрғын үй алушылары ай сайын жалдау шаршы метрі үшін 1455 теңге төлеуі керек. Ең көп жалдау мерзімі – 20 жыл. Ол аяқталғаннан кейін тұрғын үй жалға алушының меншігіне өтеді.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1054 қаулысымен 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамуының мемлекеттік бағдарламасы бекітілген болатын. Оның бағыттарының бірі – «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы арқылы сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді сату.

Биыл наурыз айында Нұр-Сұлтан әкімдігі мен «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ арасында әкімдікке ведомстволық бағыныстағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарының, сондай-ақ коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген полиция және төтенше жағдайлар департаменттері қызметкерлері үшін жалға берілетін тұрғын үйді сату туралы келісімге қол қойылды.

 

Хабар 24 телеарнасы