425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Халықтың болжамы орындала ма әлде синоптиктердің айтқаны келе ме?

  • 301
  • UPD: 01:35, 03.11.2020

Аспан ала - жер шола. Қазақ осылай деп сипаттаған қара күз туды. Енді алдағы қыс қалай болмақ? Күн құлақтанып батса, жылы болады. Ал құлақтанып шықса, суытады деген түсінік бар.

Мұндай мысалдарды тізе беруге болады. Бүгінде халықтың өз есеп-қисабынан бөлек метеорологиялық станциялардың пайда болғанынына да жүз жылдан асты. Ондағы мамандар не дейді? Алдағы қыс айларына қандай болжам жасап отыр?

Табиғатпен етене тіршілік кешкен қазақ оның жайын ұғып, тілін түсінген. «Көкек жиі шақырса, келер күн ашық болады. Ал шегіртке шырылын тоқтатса, демек жауын жауады» дейді. 

Жазушы-этнограф Болат Бопай ешбір жерде жазылмаған,тек халықтың санасында сақталып, бүгінге там-тұмдап жеткен далалық ілімді жинақтап жүргендердің бірі. Айтуынша, халқымыз күн райын болжауда қиыс кетпейді. Өзі де алдағы күннің аужайын осы әдіспен біліп отырады. Айталық, биыл кәрі құда алғашқы айларда-ақ кәріне мінеді. 

Болат Бопай, этнограф:

- Күздің аяғы созылса, қыстың басталуы қатты болады деп есептеген. Биыл енді мынау қарашада екі амал бар, қауыс дейтін амал бар, алда келетін 10-15 аралығы, 20-25 аралығы боқырау деген амал бар. Осы екі амалда да қар жауады, күн суытады деп есептейді. 

Қыстың сызы өз алдына, қардың да көбесі көпке дейін сөгілмей, көктем кешеуілдейді. Этнографтың айтуынша, ескілікті болжам осыған саяды.

Болат Бопай, этнограф:

- Мынау коронавирус кезінде 50 жыл көрінбей кеткен Гималай тауы биыл Индияға көрінді дейді. Індеттен аман шығайық енді, соған қарағанда көктем кеш келеді. 

Ал синоптиктер халықтың болжам-сеніміне күмәнмен қарайды. Өйткені алда не боларын дөп басу оңай  емес. Желтоқсанда күн райы қалай құбылатынын тек қарашаның ортасында ғана нақты білуге болады дейді мамандар. Сөйтіп алдағы қыс былтырғыдан да жылы әрі жауын-шашынды келеді деп болжайды.

Жұлдыз Исабекова, «Қазгидромет» РМК ауа райын ұзақ мерзімге болжау басқармасының басшысы:

- Алдағы қыс Қазақстанның басым бөлігінде жылы, және де жауын-шашынды болады деп күтіледі. Бұл ауа райы көбінесе циклонмен байланысты болады, және атмосфералық фронттардың өтуімен байланысты. Ауа температурасы түнгі сағаттарда солтүстік аумақтарда -20,-25, 5-10 аязға дейін ауытқысы, күндіз 5-10 аяздан, 0-5 аязға дейін ауытқиды.  Ал оңтүстік аумақтарда түнгі сағаттарда 10-15 аяздан 5-10 аязға дейін, күндіз 0-5 аяздан 2-7 жылыға дейін ауытқиды.

«Қазгидромет» мамандарының сөзіне сүйенсек, алай-түлей боран мен бет қаритын аязды қыстың ауылы алыстағанға ұқсайды. Оған себеп те жоқ емес. Зерттеушілер кейінгі 30 жылда Қазақстанда климаттың жылынуы екі есе жылдам жүріп жатқанын айтады. Десе де, алты күнде алты ай қысты болжаған атам қазақтың есебі дәл ме әлде синопиктер сәуегейлік таныта ма, оны уақыт көрсетеді. 

Авторлар: Назерке Тоқжан, Асхат Қарағойшиев

Хабар 24 телеарнасы