419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ғалымдар: Коронавирус адамды тез қартайтады

  • 231
  • UPD: 21:30, 03.12.2020

Коронавирустың салдары адам ағзасында біз ойлағаннан да көбірек болуы мүмкін.

Бүйрек, өкпе жұмысына кері әсерінен бөлек, тез қартаюға әкелуі де ғажап емес. Әлем ғалымдарының бұл пікірімен қазақстандық кей мамандар да келісетінін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Коронавирус адамды тез қартайтады. Әлемдік және қазақстандық ғалымдар осылай дейді. Дегенмен, бұл әлі жаһандық деңгейде зерттелуге тиіс дерек. Жалпы кеселдің адам ағзасына зардабы аз айтылып жүрген жоқ. Бұған дейін де инфекция жұқтырғандар емделген соң, біраз уақыт оңалту курсына бару қажеттігі ескертілді. Елдегі ұлттық кардиологиялық орталық ғылыми тұрғыда зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Онда коронавирустың ауыр түріне шалдыққандарды қайта оңалту жолдары зерттеліп жатыр.

Маржан Мырзалы, қоғамдық денсаулық сақтау маманы, «Experts Hub Kazakhstan» бағдарламасының қатысушысы:

- Ауырғандардың ішінде 70%-інде 60 жастағы кісілердің органдары қалай зақымданады, 40 жастағы адамдардың ағзасы дәл сондай. Бұл әлі зерттелуі керек. Адамның өз аурулары болуы мүмкін. Вирус сол процесстерді қоздырып жіберуі мүмкін. Сол кезде адамның өзі білмеген аурулары пайда болады.

АҚШ және Қытай ғалымдары коронавирустың бүйрек жүйесіне кері әсерін ғылыми тұрғыда дәлелдеп үлгерді. Бұл кез келген мемлекет үшін ойланарлық жағдай. «Өкпеге де зияны аз емес», - дейді ғалымдар. Вирустың бастапқы ошағы Қытай болса, ғалымдарын індеттің салдарымен күресуге жұмылдырды. Сөйтіп, ондағы мамандар ғылыми зерттеудің көңілге қонымды тұстарын да жариялады.

Ван Гуйцян, Бейжің университетінің профессоры:

- Коронавирустың салдары адам бойында мәңгіге тұрақтап қалмайды. Толық жазылатын кезең болады. Науқастардың көбінде біраз уақытқа дейін демікпе болуы мүмкін. Әлсіреу, қалжырау сынды жағдайлар 2-3 айдан кейін тыйылады. Тек созылмалы ауру болмауы керек. Адамға мұндай сәтте психологиялық қолдау көбірек қажет. Ал коронавирустың ең ауыр түрін бастан кешкендерге келсек, оларды бастан-аяқ бақылап, аяққа нық тұрып кеткен кезін күткен жөн.

Расында да аурудың жеңіл түріне шалдыққан азаматтардың оңалуы да тез жүреді. Олардың психологиялық, эмоциялық күйі салыстырмалы түрде тұрақты. Ал ковидтің ауыр түріне душар болғандарға оңай соқпайды. Өміріне айтарлықтай қауіп төнбесе де, олар қорқыныш пен үрейден толық арыла алмайды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы