419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бүгін Юпитер мен Сатурн ғаламшарларының жақындағаны көрінді

  • 158
  • UPD: 23:25, 21.12.2020
Бүгін Юпитер мен Сатурн ғаламшарларының жақындағаны көрінді

Бүгін Солтүстік жарты шардың тұрғындары сирек болатын астрономиялық құбылысты – Юпитер мен Сатурнның жақындауын бақылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі алып ғаламшардың мұндай көрінісі 800 жыл бұрын – 1226 жылдың 4 наурызында болған. Аспан әлемінде Юпитер мен Сатурн екі жарқын жұлдыз ретінде көрінген. Мұндай ерекше құбылысты Қазақстаннан байқауға бола ма?

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Бүгін кешке еліміздің ендіктерінде өте сирек кездесетін астрономиялық құбылыс байқалды. Күн жүйесіндегі ең үлкен екі планета – Юпитер мен Сатурн аспандағы ең жарқын нүкте ретінде көрінді. Олардың арақашықтығы небәрі 6 доға минут болған. Салыстырмалы түрде айтсақ, Айдың айқын диаметрі 30 доға минутты құрайды. Ерекше құбылыс күн бата салысымен аспанның оңтүстік-батыс бөлігінде байқалды. Аспан әлемін зерттеушілер мұны Юпитер мен Сатурнның «ұлы байланысы» деп атады. Өйткені мұндай құбылысты Жердің тұрғындары соңғы рет 800 жыл бұрын, 1226 жылы байқаған. Бірақ екі планетаның қалыпты жақындасуы әдетте жиі кездеседі.

Любовь Шестакова, В.Фесенков атындағы астрофизика ғзи зертхана меңгерушісі:

- Юпитер мен Сатрун ғаламшарларының жақындасуы шамамен әр 20 жыл сайын болады. Неліктен? Өйткені Юпитер Сатурнға қарағанда жылдам қозғалады. Оның күнді айналуы 12 жыл, ал Сатурн 29 жылда айналады. Былайша айтқанда, Юпитер Сатурнды қуып жетеді. Бұл 20 жыл сайын болатын құбылыс.

Әрине, бұл құбылыс оптикалық субъективті сипатқа ие. Шындығында, ғарышта екі ғаламшар 5 астрономиялық бірліктің үлкен қашықтығымен бөлінген. Ол 750 миллион шақырымды құрайды. Шамамен жиырма жылда бір рет Күн жүйесіндегі ең үлкен екі планета Жермен бір сызыққа сәйкес келеді. Әр жақындағанда планеталар арасындағы қашықтық әртүрлі болуы мүмкін. Астрономдардың есептеуінше, Юпитер Сатурнды шамамен 6 мың жылда бір рет толық тұтады екен.

Любовь Шестакова, В.Фесенков атындағы астрофизика ғзи зертхана меңгерушісі:

- Бұл құбылысты Алматы қаласынан байқауға болатыны анық. Әрине, ауа райына да байланысты. Бірақ оңтүстік-батыс көкжиектен өте төмен. Күннің артынан бірден екі планета батады. Бірақ қысқа уақытта оларды көруге болады. Яғни, сағат 18:30-ға дейін бақылауға болады.

Бұл құбылысты бірнеше күн бойы байқауға болады. Алматыда күн батуы бүгін 17:21 минутқа сәйкес келді. Юпитер мен Сатурн бір сағат бойы аспанда көрінді. Астрономдар «құбылысты бақылау үшін биікке көтерілу керек» дейді.  Жоғарыда түтін жоқ, бұлттар да төменде қалады. Тіпті сапалы дүрбі болса, Юпитердің екі ең үлкен серігін – Каллисто мен Ганимедті де көруге болады екен.

Планеталардың түйісуі күннің қысқы тоқырауында байқалады. Ертеңнен бастап күн ұзара бастайды. Енді жердегілер Юпитер мен Сатурнның жақындауын 60 жылдан кейін 2080 жылы көре алады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы