425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жалған ПТР анықтама көрсеткендер қылмыстық жазаға тартылады

  • 515
  • UPD: 20:59, 23.12.2020

Елде ПТР-тест анықтамасына сұраныс артқалы жалған құжат жасаушылар көбейген. Уақыт үнемдеп, коронавирустан ада деген жазу жаздырып алу әдеттегіден екі есе арзан тұрады.

Алайда мұндай құжаттың пайдасынан зияны басым. Жазасы қылмыстық жауапкершілік. Ал бойында індеті бар азамат бүтін қоғамға қауіп төндіруі мүмкін.

Қалауын тапса, қар да жанады. ПТР тест тапсырып, нәтижесін бірнеше күн күткенше ақшасын төлеп жалған анықтама жасата салу оңай дейді білетіндер. Бірақ өтіріктің құйрығы бір тұтам емес пе? Алаяққа сеніп, қылмыстық жазаға тартылу да әп-сәтте.

Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:

- ПТР тест анықтамасының астында штрих-код тұрады. Сол штрих-кодқа біздің қызметкерлер аппарат бар, сонымен бірге тексеріп, сол бойынша оның нақты анықтама не болмаса қолдан жасалғаны туралы бірден шығады. Егер қолдан жасалған анықтама анықталған жағдайда еліміздің қылмыстық құқығы бойынша біз шұғыл түрде құқық қорғау органдарына бұл фактіні жібереміз.

ПТР анықтамасынсыз Қазақстан шекарасына өтуге болмайды. Құжаты жоқтар елге келгенде сынама тапсыруға міндетті. Әзірге мұндай жолаушылардан жалған анықтама табылмаған. Бірақ ел ішінде құжаттың түр-түрі шығып жатады.

Мерей Мұратханқызы, тілші: 

- Жалған ПТР сынама нәтижесі және дұрыс анықтама. Бір қарағанда екеуін ажырату өте қиын. Штрих-коды бар, уақыты көрсетілген, ең бастысы,  менің бойымда қауіпті індеттің жоқтығы расталып тұр. Сонда дұрыс анықтама қайсысы? Көзі қырағы мамандар оны бірден байқауға болады дейді. Мысалы мына тұрған кюар кодты әдетте алаяқтар дөп басып көрсете алмайды екен. 

Сол кодты енгізу арқылы сынама алынған зертхана сайтына түсуге болады. Анықтамада көрсетілген құпия сөзді тересіз. Сонда алдыңыздан нәтижесі шығады. Жалған анықтамамен бұл амалдарды орындалмай алмайсыз әлбетте. Өкінішке орай, елімізде ПТР сынама алына бастағалы алаяқтардың да араны ашылған. Анықтама қажет азаматтарды үнемделген уақыт ғана емес, екі есе арзан баға да қызықтырады екен.

Алексей Балась, «КДЛ Олимп» желілерінің маркетинг және инновациялар бойынша директоры: 

- Әдетте алаяқтар теріс нәтижелі анықтамаларды жасайды. Бірақ, бұл өте қауіпті. Анықтама алған адам коронавирусты жұқтырған болса, өзінің ғана емес, өзгенің де өміріне қауіп төндіреді. Вахталық режимде жұмыс істейтін азаматтар ұжымына індет жұқтырса не болады? Сондықтан, кәсіпорын басшылары құжатқа баса мән беруі керек.

Сақ басшылар жоқ емес. Атыраудағы Теңіз мұнай кен орнына жалған ПТР анықтамамен кірмек болған дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп тексеру «жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Әзірге екі жұмысшыдан күмәнді құжат табылды. Жергілікті тұрғындардың сынама нәтижесін қайдан және қалай алғаны белгісіз.

Гүлнәзира Мұхтарова, облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

- Солтүстік Теңіз блок бекетінде полиция қызметкерлері медициналық анықтамалары күдік тудырған 2 жұмысшыны анықтады. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру ҚК 385-бабымен жүргізілуде. Өзге ақпарат қылмыстық процесттік кодекстің 201-бабына сай жариялауға жатпайды.

«Сақ бол» қосымшасы арқылы жасалған интеграциялық портал анықтамадағы штрих-кодты тексереді. Жалған құжат қолданғандар 400 мың теңгедей айыппұл төлейді. 40 күн абақтыда отыруы мүмкін. 

Авторлар: Мерей Мұратханқызы, Асланбек Шығыр

Хабар 24 телеарнасы